Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы «Қарасора — 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастыруда.
— Маусым айынан бастап қарасора өсетін өңірлерде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Операцияға полиция қызметкерлері, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері қатысуда. Сонымен қатар тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы қолданылуда.
Шу өңірі ерекше назарда. Мұнда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды. Сондай-ақ қызметтік иттер мен кинологтар тәулік бойы қызмет атқаруда. Олар автожолдарда, теміржол объектілерінде және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізуде.
Операция барысында қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 550 килограмға жуық түрлі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
«Қарасора» операциясы есірткі қылмысына қарсы күрестегі тиімділігін дәлелдеуде. Заманауи технологиялар мен кешенді шаралардың арқасында қойылған міндеттер нәтижелі орындалуда.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.






