Бүгін 20-сәуір күні ару қыздардың сүйіктісіне айналған әнші Сырым Исабаев бойдақтық өмірімен қоштасты. Сырым қолына ақ құсын қондырды. Әншінің таңдаған жары Түркістандық Айгерім есімді ару. Жұма күні Шымкент қаласындағы ең белді деген тойханаларының бірінде Сырым тойы атап өтілді. Қазақ эстрадасының жарқын өнер жұлдыздары Оңтүстік өңіріне Сырымның тойына келді.
Неке тойына келген қонақтардың ішінде Сырыммен бірге дуэт болып ән орындап жүрген әнші Қайрат Нұртас та бар. Сәтін салып біз Қайраттың продюсері, әрі анасы Гүлзира Үсенқызымен телефон арқылы сөйлесіп тойға дайындықтың қалай жүргізіліп жатқандығын білдік.
Гүлзира Үсенқызы, продюсер: «Дәл қазір біз Сырымның тойына дайындалудамыз. Арнайы Шымкент қаласына келдік. Ал Қайрат жас жұбайлармен той алдындағы серуенге кетті».
Сырым Исабаев Шымкент қаласында туып өскен. Отбасында үш ұлдың ортаншысы. Ал өнер жолын осыдан бірнеше жыл бұрын бастаған болатын. Алғашқы орындаған әндері: «Ақ гүлдер», «Кекілді қыз» кейін Қайрат Нұртаспен бірге «Бекер ақ жолыққан екенмін», «Қимаймын», «Жас дәурен» сынды әндерді дуэт болып халық алдына орындап шыққан болатын. Сонымен бірге, өткен жылы Сырым «Алып қашу оперциясы» атты фильмде басты рольді сомдаған болатын. Қазір аталған фильм жастардың көңілінен шығып ерекше ықыласқа бөленді.