Úı ANONS Шымкенттегі жасыл технология тәжірибесі шетелдіктердің назарында

Шымкенттегі жасыл технология тәжірибесі шетелдіктердің назарында

Шымкенттегі «Victoria» оңалту орталығы жасыл технологияларды тиімді қолданудың жарқын үлгісіне айналды. Мұнда электр энергиясының бір бөлігі күн панельдері арқылы өндіріледі. Осы тәжірибемен танысу мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстаннан тұрақты даму және энергия тиімділігі саласының мамандары арнайы келіп, әлеуметтік нысандарда жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың тиімділігін зерделеді.

 

Шымкенттегі «Victoria» оңалту орталығы жасыл энергетика саласындағы озық тәжірибені бөлісетін маңызды алаңға айналды. Медициналық мекеменің шатырына орнатылған күн панельдерінің тиімді жұмысы шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырды. Осы тәжірибемен танысу үшін Шымкентке Қырғыз Республикасы Энергетика министрлігі, Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігі, Қырғызстанның Ұлттық электр желісі, энергия таратушы компаниялар мен өзге де салалық ұйымдардың өкілдері арнайы келді.

 

«Victoria» оңалту орталығы күн сайын ауыр дерт пен инсульттен кейін оңалтудан өтіп жатқан жүздеген науқасты қабылдайды. Сондықтан мекеме үшін электр энергиясының үздіксіз берілуі аса маңызды. «Senergy Electric» компаниясының директоры Ерғали Шоланбаевтың айтуынша, күн панельдері – болашаққа салынған инвестиция ғана емес, энергияны үнемдеудің тиімді жолы. Кәсіпорын орнатылған жабдықтың жұмысын тұрақты бақылап, туындаған ақауларды жедел реттейді. Айта кетерлігі, бұл мекеме жаңартылатын энергия саласында 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді.

 

ЕРҒАЛИ ШОЛАНБАЕВ, «SENERGY ELECTRIC» ЖШС-НІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Шымкентте электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қала қарқынды дамып, жаңа тұрғын үй кешендері, сауда орталықтары мен медициналық нысандар көбейген сайын электр қуатына жүктеме де өсуде. Сондықтан, әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлері үшін күн электр станцияларын пайдалану – тиімді шешім. Күн панельдерінің өнімділігі де жыл сайын артып келеді».

Мамандардың пікірінше, күн панельдері электр энергиясына кететін шығынды азайтып, нысанның энергия тиімділігін арттырады. Ал күн сәулесі мол оңтүстік өңірлерде мұндай жобалар екі-үш жылда өзін ақтайды.

 

Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген мамандар бұл сапар барысында медициналық мекемеде жаңартылатын энергия көздерін енгізудің іс жүзіндегі тәжірибесімен танысты. Олардың пікірінше, мұндай жобалар тәжірибе алмасуға жол ашып, өңірлік ынтымақтастықты нығайтады.

 

ЭРМЕК  ТҰРСҰНАЛИЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ КЛИМАТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Мұндай нысандар Қырғызстанда да бар, бірақ әзірге саны аз. Біз де осы бағытта жұмысты кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Бұл орталықта қуаты 110 киловатт болатын күн панельдері орнатылғанын көрдік. Біздегі осындай жобалардың бірі ретінде Бішкектегі университеттердің бірін мысалға келтіруге болады»

 

Орталық жасыл технологияларды енгізумен қатар, медициналық оңалтудың заманауи тәсілдерін де тиімді қолданып келеді. Еуропа, Азия және ТМД елдерінде өндірілген жоғары технологиялық жабдықтар емдеу сапасын жақсартып, пациенттердің тезірек оңалуына ықпал етеді.

 

МҰРАТ ТОҚМЫРЗАЕВ, «VICTORIA» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: «Біз мұнда күн және жел энергиясын, сондай-ақ жылу температурасының айырмасына негізделген технологияларды қолданамыз. Мұның бәрі пациенттердің емін барынша тиімді етіп, қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Орталықта жарақат пен инсульттен кейін оңалтудан өтіп жатқан науқастар ем алады. Сондықтан олар үшін жайлы әрі қолайлы ортаның болуы өте маңызды»

 

Оңалту орталығы 175 орынға шақталған және 18 жастан асқан ересек пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Соған қарамастан, оңалту еміне сұраныс әлі де жоғары. Қазір мемлекеттік бағдарлама аясында ем қабылдау үшін 900-ге жуық адам кезекте тұр.

 

Шымкенттік орталықтың тәжірибесі жасыл энергетикаға салынған инвестицияның тиімді екенін көрсетті. Бұл – шығынды азайтып, әлеуметтік нысандардың сенімді жұмысын қамтамасыз етумен қатар, медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Лаура Бабас