Бүгін, 17-мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен артериалды гипертониямен күрес күні. Әлемде 1,5 млрд.-тан астам адам жоғары қан қысымымен ауырып, жыл сайын 7 млн. адам осы дерттен көз жұмады екен.Біздің елімізде де артериалды гипертония өсіп тұр. Бүгін «Бекжан», «Самал» және «Айна» базарлары мен «Имран» дүкені мен «Кең баба» саябағы алдында отырған дәрігерлерге барып, тұрғындар қан қысымын тексертіп алуға мүмкіндігі болды.
Ақ халаттылардың бүгінгі жұмысы өзгеше өтті. Әдеттегідей кабинеттерде емес, саябақ, базар маңында тұрғындарды қабылдады. 62 жастағы Әлия Ергешованың, күйбең тірлікпен кардиологқа баруға қолы тимейді. Ол көшеде қан қысымын өлшетіп, кардиограммаға түсуге мүмкіндігі болды.
Әлия Ергешова, тұрғын: «Қыста қатты стресс алып, қан қысымым көтеріліп кеткен болатын. Жиі қан қысымын өлшеп, дәрігерлерге көрініп тұру керек. Игі іс жасап жатырсыздар, Үлкен рахмет».
Түске дейінгі уақыттың өзінде 500-ден астам шымкенттіктер кардиолог-дәрігерлерге өздерінің қан қысымдарын тексертіп, тиісті кеңестер алды. Өз денсаулықтарына назар аудара бастаса керек, бұрынғыдай емес, қазіргі таңда жұмыстарына асығып жүретін қалалықтар дәрігерлерден жиі кеңес сұрайтын болған.
Гипертония ауруының өсуіне өзіндік ықпалын шылым шегу, семіздік, қозғалысы аз өмір салты, ішімдікті шектен тыс пайдалану, күйзеліс тигізеді. Сондықтан «өз қан қысымыңызды» біліп, дәрігерге уақтылы көрініңіз.