Күнгейде аптап ыстық шамалы бәсеңдейді

705

Синоптиктер сәрсенбіден бастап аптап ыстық біршама бәсеңдейді деген болжам жасауда. Алайда құрғақ ыстық ауа сақталады.

Сондықтан да шілдеде денсаулыққа аса назар аударған жөн. Әсіресе, қан қысымы жоғары азаматтар. «Қазгидромет» РМК оңтүстік өңіріндегі филиалының мамандары облыста аптап ыстық ауа райы сақталатынын хабарлайды. Синоптиктер 8-шілде күні Шымкент аумағында +40 градус, Шардара мен Отырар ауданында 42 градус 0-ден жоғары болған. Сала мамандары өңірімізде ең ыстық ауа райы Қызылқұм ауылында тіркелгенін, ауа температурасы 45 градусқа дейін жоғарылағанын растайды.

Инженер-синоптик Арайлым Маханова

Арайлым Маханова, «Қазгидромет» РМК ОҚОФ инженер-синоптигі: «Ия, Қызылқұм ауылында  кеше + 45 градус болды. Осы аптада ертеңнен бастап ыстық ауа райы бәсеңдейді, алайда 15 шілдеге дейін ыстық, құрғақ температура сақталады. Ауа температурасы 32 – ден 38 градус, кейбір жерлерде 42 градусқа жетеді. Ал таулы аудандарда Төлеби, Түлкібас аудандарында +35- градусқа дейін ыстық болады».

Шіліңгір шілдеде демалысқа шыққан адамдар денсаулығына мұқият болғаны дұрыс. Әсіресе, қан қысымы жоғары азаматтар күннен сақтанғаны жөн.

Дәрігер-кардиолог Мәдина Әбдірахманова

Мәдина Әбдірахманова, дәрігер-кардиолог: «Демалысқа барар алдын егде жастағы азаматтар қан қысымын өлшеп алғаны дұрыс. Және өзіңізбен бірге барлық дәрі дәрмектеріңізді алғаныңыз абзал. Егерде демалыс аумағында денсаулығыңыз сыр берсе, тез арада дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Өзіңізбен бірге құрылғы болса, қан қысымыңызды өлшетіп, барлық параметрлерді 103 қызметіне хабарлауыңыз шарт».

Таулы аймаққа бара қалсаңыз, мамандардың ескертуіне құлақ асыңыз. Басыңыздан күн өтудің алдын алыңыз. Егер мұрныңыз қанай қалса, жедел медициналық жәрдемнің көмегіне жүгініңіз. Көмек келіп жеткенше, алғашқы көмек көрсетудің жолын меңгеріп алғаныңыз да абзал.

Дәрігер: «Адамның басынан күн өткенде, салқын жерге апарып жатқызып, кеудесін қысатын киімдерден босатып, жиі -жиі су беру қажет. Егерде адам жарақат алса, қанды тоқтату үшін жоғары жақтан шүберекпен не резеңкемен қысып байлаңыз. Байлаған уақытты жазып қойыңыз, өйткені 20 минуттан соң қатты байлаған жерді шамалы босатасыз. Бұл алғашқы медициналық  жәрдем  келгенше жасалынатын   іс қимылдар».

Ең дұрысы, күн көзіне көп шықпаңыз. Аптап ыстықтан салқын су да құтқаратынын ескеріп, көбірек ішуге тырысыңыз.