Úı ANONS Аптап астындағы шаттық: Мамандар көшелерге су бүркіп жүр

Аптап астындағы шаттық: Мамандар көшелерге су бүркіп жүр

Шымкентте  аптап ыстық басылмай тұр. Қалада ауа температурасы 40 градустан асып, коммуналдық қызметкерлер  көшелерге, ал төтеншеліктер аулалар мен ондағы балалар алаңшаларына су сеуіп жүр. Бұл ыстықты қаншалықты бәсеңдетеді? Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға қандай ескерту жасады? Ал балалар алаңдарына себілген суға тұрғындардың көзқарасы қандай?

 

Шымкентте шіліңгір шілде. Ауа температурасы 40 градустан асып, аптап ыстық тұрғындарды әбігерге салды. Күн көзінен қорғанған жұрт көбейіп, көшелерде жаяу жүргіншілер де сиреген. Ми қайнатқан ыстықтың әсерін азайту үшін коммуналдық қызметтер күн батқанша қала көшелеріне қайта-қайта су сеуіп жатыр.

 

КАРАМАТ РАЙЫМҚҰЛОВА , «ҚАРАТАУ» КММ УЧАСКЕЛІК МАМАНЫ: «Біз таңғы сағат 8-ден бастап жұмыс істейміз. Кезекшілікке түнге де адам қоямыз. Қаланың тазалығы үшін еңбек етіп жатырмыз. Аптап ыстықта көбірек жұмыс істейміз. Ыстық болғаннан кейін су шашу жұмыстарын көбірек атқарамыз, одан басқа шаң-тозаң болмасын деп аялдамаларға көбірек мән береміз, жуылады қайта-қайта. Гүлдерге су шашу жұмыстары болады, мына ағаштарға да су шашу жұмыстары атқарылады».

 

Тұрғындар да күннің ыстығынан сақтануға тырысып жүр. Дегенмен мамандар күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес береді. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға ұялы байланыс арқылы ескерту хабарламаларын жолдап жатыр.

 

Төтеншеліктер көбіне аулаларға, балалар ойнайтын алаңшаларға су сеуіп жүр. Оған әсіресе, балалар мәз-мейрам.

«Күннің ыстығына қарамай балаларымызды кешке салқындатып, шомылдырып көңіл-күй сыйлап отыр».

«Қап-қап күннің ыстығында, неше градус ыстық болып жатыр. Бассейнге баратындар бар, бара алмайтындар бар. Соларға жақсы болды. Басқа ата-аналарды білмеймін өзімізге, балаларға жақсы болды».

 

Мамандардың сөзінше, су бүрку қоршаған ортадағы жылуды сіңіріп, ауа температурасын аздап болса да төмендетеді. Сонымен қатар жол жабынының шамадан тыс қызуының алдын алуға көмектеседі.

 

АСҚАР ШӘРІП, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Аптап ыстық Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде Шымкентте сақталуда. Қазгидромент мәліметіне сәйкес, қалада ауа температурасы 40 градустан асты. Синоптиктердің болжамынша алдағы күндері де қатты ыстық сақталатын болады. Мұндай ыстық балаларға, еңге жастағы адамдарға және созылмалы ауруы бар азаматтар үшін қауіпті… өрт сөндірушілер де қолдау көрсетті».

 

Төтеншеліктер аптап ыстықта тұрғындарға, нақтырақ айтқанда сағат 11-ден бастап бесінге дейін сыртта ұзақ жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл киім киюге шақырады. Ал балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.

Дилара Иса