Оңтүстік циркіне үш қонжық пен арыстан күшігі табысталды

Қаламызда таяуда ашылған циркке алғашқы аңдар сыйға тартылды. Зообақ басшылығы бір жарым айлық үш қонжық пен сегіз айлық аланды цирк қызметкерлеріне табыстады. Енді олар қолда үйретіліп, алдағы уақытта қала тұрғындарына өнер көрсететін болады.

Ерікбай- арыстан күшігінің (аланның) ең жақын досы. Оны бес айдан бері күтіп, бағады, тамағын береді. Назым өзгелерді қасына жолата бермейді. Адам баласына бағынғысы келмесе де, сегіз айлық алан еркелеткенді жақсы көреді екен.

«Біз күніне үш рет: азанда, түсте, кешке сиырдың, қойдың, жылқының етін береміз.  Ол тек өзін күтіп‑бағатын қожайынын ғана біледі. Басқаларға бағынғысы келмейді. Бірақ ол жыртқыш аң ғой, сондықтан оған ерекше қарау қажет»,-дейді аланның қараушысы, цирк қызметкері Ерікбай Алдабергенов.

Назым енді өзге аңдар сияқты зообақ торында емес, Оңтүстік циркінде қала тұрғындарын өнерімен тамсандырмақ.  Зообақ басшылары қаламызда жаңадан ашылған циркке халықтың пайдасы үшін аланды сыйға тартуға бел шешіпті. Бұл — цирке берілген үш қонжықтан кейінгі төртінші аң.

«Бізге цирке оның барлық жағдайы жасалған деді. Сондықтан біз арыстынның күшігі мен үш қондықты беруді шештік. Бұл халыққа пайдалы ғой және сонда дайындалтып, циркке шығарса дұрыс болады»,- деді зообақ директорының орынбасары Латипша Алиев.

Ал бір жарым айлық Жайнақ, Маймақ және Балпақ оңтүстік цирк ғимаратына жаңадан келді. Олармен Ташкенттен келген арнайы жаттықтырушы  айналысатын болады. Сегіз жыл бойы аңдарды үйретіп келе жатқан тәжірибелі Азиз енді үш айдан кейін қонжықтардың ойынын тамашалай аласыздар деп уәде берді.

«Мен қонжықтармен күніне үш рет екі сағаттан айналысамын. Олар әлі кішкентай. Сондықтан әзірге қиындау. Олар өте салмақты. Ашушаң емес. Енді үш айдан кейін олар циркте ойнауға дайын болады және соған тырысамыз»‑деп, уәдесін берді қондықтарды жаттықтырушы Әзім Шамшиев.