Úı ANONS Қызығушылық па, қатыгездік пе?

Қызығушылық па, қатыгездік пе?

Зообақ па, әлде экстремалды сынақ алаңы ма? Соңғы уақытта еліміздегі хайуанаттар бағына келушілердің ерсі әрекеттері жиілеп кетті. Тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін белшесінен басқандар, жануарлардың тынышын алуда. Желіде тараған видеолар көпшіліктің ашуын туғызды. Адамдардың ақылға сыйымсыз қылықтары мен оның салдары туралы келесі сюжетте

 

Семейдегі келеңсіз жағдай полиция қызметкерлерінің келуімен және хаттама толтырумен аяқталды. Облыстық балалар биологиялық орталығына келгендер жасөспірімдердің көзінше арыстандардың торына тас лақтырған. Бұл бейнежазба қазнет қолданушыларының ашу-ызасын тудырып, үлкен резонанс тудырды.

 

АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

«Қазіргі уақытта бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттеліп, оқиғаның ықтимал куәгерлері анықталып, олардан жауап алынуда. Кінәлі тұлғалар анықталған соң, олардың әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі».

 

Алматы қаласының ботаникалық бағындағы бейберекетсіздік те жұртшылықтың үрейін туғызды. Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сүйенсек, келушілер магнолия гүлдерін жұлып, көгалдарды таптаған. Тіпті, балалар тоғандағы балықтарды таяқпен түрткілеген. Ал ересектер әдемі сурет үшін аққуларды үркітіп, судан шығаруға тырысқан. Бұл әрекеттердің барлығы жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне  қауіп төндіруде.

 

THREADS ҚОЛДАНУШЫСЫ «NADI»

«Ботаникалық бақта адам өте көп болды. Бұл түсінікті жағдай, бірақ аққуларға тиісіп, оларды судан шығаруға тырысу — ақылға сыйымсыз. Тек балалар емес, ересектер де суға жақын барып, суретке, видеоға түсіруге жанталасып жатыр. Бақта магнолия ағаштары өсіп тұр. Гүлі солуға жақындаса да, жаңадан ашылған бүршіктерін жұлып, гүл шоқтарын жасап алған. Мұны істеп жүрген де — үлкендер. Ескерту жасасаң, тіпті құлақ аспайды».

 

Өкінішке қарай, бұл тізімнен Шымкент те қалыс қалмады. Десе де, мұндағы жағдай қатыгездікке емес, баланың тыйым салынған қызығушылығына көбірек ұқсайды. Зообақ әкімшілігінің мәліметінше, бүлдіршін ереже бұзып, қояндардың қоршауына кіріп кеткен. Ұзынқұлақтардың соңынан қуған бала, соңында біреуін ұстап алып, қыса бастаған. Бұл жолы баланың жыртқыштар немесе қолтырауындар жатқан торға кіріп кетпегеніне шүкіршілік етуге болады.

 

НҰРЖАН КӨПЖАСАРОВ, ЗООБАҚ БИОЛОГЫ: «Оқиғаға байланысты тәртіп бұзушылар бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Күзет қызметкерлері жедел әрекет етіп, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Келушілерге зообақтағы тәртіп ережелері мен жануарларға ұқыпты қарау қажеттілігі тағы да қатаң ескертілді. Сондай-ақ зообақ ережесіне сәйкес, жануарларды үркітуге, әдейі ашуландыруға және өз бетінше тамақтандыруға тыйым салынатынын еске саламыз»

 

Ескерейік, зообаққа барғанда тек адамдар ғана жануарларды тамашалап қоймайды, олар да бізге қарап тұратынын ұмытпаған жөн…

Ботакөз Әнуар