Оңтүстікте халықаралық отбасы күні тойланды

558
Үміткерлер көрініс қойды

«Әке – үйдің тірегі». Бүгін Шымкентте, Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінде дәл осы атауда облыстық байқау болып өтті.

15-мамыр – халықаралық отбасы күнін тойлаудан өңір тұрғындары шет қалмады. Облыс әкімі жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі комиссиясы мен ОҚО Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің ұйымдастыруымен «Мөлдір бұлақтан…» атты облыстық отбасылық шығармашылық фестивалі де осы байқаудың аясында өрбіді.

2-рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі бастаманың мақсаты – отбасылық қарым-қатынасты нығайту, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, отбасының қоғамдағы рөлі мен беделін арттыру болды.

Өңірлік отбасылық шығармашылық фестиваль 2 кезеңнен құралды. 1-кезеңі 2012 жылы 15-25 сәуір күндері аудан, қалаларда өтті. 2-кезеңі ағымдағы жылы 15-мамырда өткізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық фестивальге мынадай талаптар қойылды: дәстүрлі халық өнері, оның ішінде ұлттық (фольклорлық ұжымдар, халықтық ән-би ансамбльдері, этнографиялқ театрлар, т.б), хореография (би: ұлттық, классикалық, қазіргі заман, эстрадалық, бал кештері биі), вокалды ұжым (академиялық, эстрадалық вокал), цирк, эстрада, өзіндік жанр, сәндік – қолданбалы шығармашылықтан құндылықтар көрсетілуі қажет болды. Сахна төріне бірінші болып, Арыс қаласынан келген Тыныбековтер әулеті шақырылды. Шашу шашып, байқаудың шымылдығын түрген жанұя гала-конйерттің көркін кіргізді.

Жамал Отарбаева, ОҚО Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің адамның адамгершілік рухани даму бөлім бастығы: «Мөлдір бұлақтан…» дегеннің өзі отбасының жеке, дербес мемлекет екенін дәлелдейтін ұғым ғой. Сол себепті бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде осы атуда іс-шара ұйымдастырылып өтіп жатқан жайы бар. Мұның барлығы да отбасының шаңырағы шайқалмауы үшін, отбасындағы береке – бірліктің артуына өз сүбелі үлесін қосары анық. Сондай-ақ сыйластықты арттырары сөзсіз. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деп Мұхтар ағамыз да тектен-текке айтпаса керек. Әрбір отбасындағы жағдай – елдің ертеңін елестете алады».

Тыныбековтар әулеті (Арыс қаласы): «Әрине, біз бұл байқауға дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында қатысып отырмыз. Себебі, жанұядағы тәлім-тәрбие арқылы баланың ойлау қабілеті, менталитеті қалыптасады. Сондықтан, отбасымыздың көпшілікке үлгі-өнеге болғанын қалаймыз. Әрдайым осылай жалғаса бергей!»

Облысымыздағы «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып танылған 8 отбасы өз өнерлерін көпшілік алдында ортаға салды. Тәрбиелік маңызы зор аталы да қанатты сөздер айтып, ұлттық сананы қалыптастырудың жолын көрсетті. Қазақтың ырым-тыйымдарына тоқталып, халық әндерін шырқады. Салт-дәстүрді дәріптеп, жұрт алдында көрініс көрсетуді ұмытпады. Осылайша, жеңімпаз отбасыларға бағалы сыйлықтар табысталып, дипломдар табысталды.