Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылған тұрғындар саны 1,1 миллионға жуықтады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен өткен денсаулық сақтау саласының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған алқа отырысында мәлім болды.
Жиынға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалы, қалалық денсаулық сақтау басқармасы, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Алқа отырысында ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Шалхар Шеримов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жиында атап көрсетілгеніндей, медициналық қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылған. Медициналық көмектің сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша денсаулық сақтау ұйымдарына нақты ұсынымдар беріліп, қаржылық тәртіпті нығайту шаралары жалғасуда. Бұл қаражаттың тиімді жұмсалуына және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сақтандырылмаған азаматтардың үлесін азайту мақсатында аудан әкімдіктерімен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Алқа отырысында пациенттердің өтініштері мен шағымдарын қарау жұмыстарының нәтижелері де сөз болды.
-Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында медициналық қызмет көрсетуге қатысты шағымдар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш медициналық ұйымдардағы пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысы күшейіп, көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытындағы шаралардың оң нәтиже беріп жатқанын аңғартады,- деді Қор филиалы директорының орынбасары Шалхар Шакимов.
Жиын қорытындысында медициналық ұйымдарға медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру, халықты МӘМС жүйесінде қамту және пациенттердің құқықтарын қорғауды күшейту, қаржының тиімді әрі ашық игерілуін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктелді.







