Солтүстікке қоныс аударғандарға берілетін мемлекеттік көмек көлемі 7 миллион теңгеге жетті. Қаржылай қолдаудан бөлек, тұрғындарды баспанамен және тұрақты жұмыспен қамту шаралары да күшейтіліп жатыр. Бүгінде түркістандықтар арасында теріскейге көшуге ниет білдірушілер қатары артып келеді.
Түркістандық 1 отбасы елдің теріскейіне қоныс аударды. Жергілікті тұрғын оңтүстіктен солтүстікке көші-қон саясаты бойынша Павлодар облысын таңдаған. Мамандар сөзінше отбасы мүшелері барар жерін алдын ала арнайы барып, көріп қайтыпты. Жалпы, жыл басынан бері бұл жобаға 15 түркістандық қызығушылық білдірсе, соның жетісі көшуге біржола бел байлаған.
ЖАНГЕЛДІ ӘБІЛӘЗІМ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «7 адам Повладар облысына ниет білдірген болатын. 7 адамның ішінде 1 адам Павлодар облысына көші қоны бағдарламасымен жолдадық. Сол жақта тұрып жатыр. Қалған 6 адамның қазір күтіп отырмыз ол кісілерді. Егер де келсе, ол кісілерді де жолдаймыз көші-қоны бойынша».
Айта кету керек, 2026 жылдан бастап солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтарға берілетін мемлекеттік қайтарымсыз қаржылай көмек көлемі 1 625 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 7 миллион теңгеге жетті. Бұл қаражат тек тұрғын үй сатып алуға бағытталады. Егер баспана бағасы көрсетілген сомадан жоғары болса, бөлінген қаржы ипотекалық несиенің алғашқы жарнасын өтеуге жұмсалады. Қазір бұл процестің бәрі цифрландырылған. Бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтар өтінімді migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн жібере алады. Порталдағы «Қоныс аудару картасы» бөлімінде әр өңір бойынша квота көлемі, бос жұмыс орындары, орташа жалақы, тіпті мектептер мен балабақшалар туралы толық мәлімет бар. Ал өтінім беру үшін негізгі үш-ақ құжат қажет. Атап айтқанда
жеке куәлік;
балалардың туу туралы куәлігі;
білім туралы құжаттар.
Осы деректер негізінде азамат өңірлік квотаға енгізіліп, Экономикалық мобильдік сертификатын алады. Жаңа мекенге барғаннан кейін де тұрғындар қараусыз қалмайды — оларға 25 түрлі мемлекеттік қызмет бойынша бейімдеу көмегі көрсетіледі. Сондай-ақ, жауаптылар теріскейден арнайы делегациялар келіп, Түркістан тұрғындарына бағдарламаның тиімділігін бетпе-бет түсіндіріп жатқандарын жеткізді.
ЖАНГЕЛДІ ӘБІЛӘЗІМ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Тек қана Павлодар облысы ғана емес, Солтүстік Қазақстаннан да делегация келіп тұрады. Бізге келіп, әр сектор бойынша аралап, адамдармен жүздесіп, ол кісілерге айтып түсіндіріп, қандай жеңілдіктер бар көші-қоны бойынша бәрін айтып, түсіндіріп, сол жерде ниет білдіруші азаматтарды арнайы автобустар жалдап, апарып көрсетіп жатыр. Сәуір айында жәрмеңке ұйымдастырылды. 8 облыстан келді бізге Солтүстік Қазақстаннан да бар. Үлкен жәрмеңке болды Түркістан облысында. Түсіндірді халықтың бәріне»
Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару саясаты тек қаржылай қолдаумен шектелмейді. Жоба азаматтарды тұрақты жұмыспен, баспанамен және цифрлық қызметтер арқылы жайлы өмірмен қамтамасыз етуді көздейді.
Әсел Мәлік






