Шымкентте ауа температурасы таңғы уақыттан-ақ 40 градустан асып отыр. Мұндай аптап ыстықта ең алдымен кішкентай бүлдіршіндердің денсаулығына ерекше көңіл бөлу маңызды. Балабақшаларда ыстық күндері жұмыс қалай ұйымдастырылып жатыр? Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қолға алынған?
Балалардың шат күлкісі мен суға малынған тәрбиеші. Шымкенттегі балабақшаларда аптап ыстық кезінде тәрбиеленушілердің жоғары температураны жеңіл өткеруі үшін барлық жағдай қарастырылған. Таңертеңнен бастап күннің қызуы күшейгенімен, балабақша ауласында көтеріңкі көңіл күй мен сергектік сезіледі.
14 жылдан бері балалар тәрбиесімен айналысып келе жатқан Айнұр Мырзабаева мұндай аптап ыстықтың бұрын-соңды болмағанын айтады. Оның сөзін мамандар да қуаттайды. Биылғы жазда ауа температурасы көпжылдық климаттық нормадан айтарлықтай жоғары. Осыған байланысты көптеген ата-ана балаларын уақытша демалысқа алып кеткен. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ отбасылардың бүлдіршіндері балабақшаға келуін жалғастырып жатыр.
АЙНҰР МЫРЗАБАЕВА, «ЯГОДКА» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ: «Балаларымыз балабақшаға ерекше қуанышпен келеді. Өйткені күн сайын су ойындарын ұйымдастырамыз. Онсыз болмайды. Балалар дәл осы сәттерді асыға күтеді, өздерін аквапаркке келгендей сезінеді».
Балалардың су ішу тәртібі, бас киімінің болуы және су ойындары кезіндегі қауіпсіздігін балабақшаның медицина қызметкері Ақмарал Құлдасованың тұрақты бақылауында. Ол таңертеңнен бастап әр баланың денсаулығын жіті қадағалап, күнделікті серуен кезінде панама киюін міндетті түрде тексереді. Медицина қызметкері ата-аналардың өздеріне ең қымбат қазынасы – балалардың денсаулығын сеніп тапсырғанын айтып, сол жауапкершілікті абыроймен атқаруға күш салып жүргендерін жеткізді.
АҚМАРАЛ ҚҰЛДАСОВА, БАЛАБАҚШАНЫҢ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Бізде күн сайын түске дейін балаларды шынықтыру мақсатында су құю шаралары өткізіледі. Сонымен қатар санитариялық талаптарға сәйкес бөлмелер тұрақты түрде желдетіледі. Терезенің бір жағы міндетті түрде ашық тұрады. Бұл бактериялар мен вирустардың таралуының алдын алады. Әр таң сайын балалар медициналық сүзгіден өтеді. Егер қандай да бір жайсыздық байқалса, алдымен қажетті алғашқы көмек көрсетіліп, кейін ата-анасына хабарланып, бала үйіне жіберіледі».
Балалардың уақытын қызықты өткізу ғана емес, олардың денсаулығын нығайту – мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің басты міндеті. Сондықтан тәрбиешілер ойын мен танымдық іс-шараларды ұштастырып, бүлдіршіндердің әр күнін пайдалы әрі есте қаларлықтай өткізуге ерекше көңіл бөлуде.
КҮЛИПА ӘБЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ: «1 маусымнан бастап барлық балабақшада жазғы сауықтыру кезеңі басталды. Оның негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтып, шынықтыру. «Күн, ауа және су – біздің ең жақсы достарымыз» деген сөз бекер айтылмаған. Балалар ауа, күн және су процедуралары арқылы шынығады. Сонымен қатар күн тәртібін сақтау мен дұрыс тамақтану да олардың денсаулығын нығайтудың маңызды бөлігі».
Қазір Шымкент қаласында 656 балабақша жұмыс істейді. Барлық мектепке дейінгі ұйымда жазғы жұмыс тәртібі аптап ыстыққа бейімделіп ұйымдастырылған. Ауа температурасы күн сайын рекордтық деңгейге жетіп тұрғанына қарамастан, тәрбиешілер, медицина қызметкерлері мен балабақша ұжымы бүлдіршіндердің жазғы демалысын жайлы, қауіпсіз әрі денсаулыққа пайдалы өткізу үшін барынша жағдай жасап келеді.
Нұргүл Жолымбетова






