Шымкентте көлік төңірегінде тағы да шу шықты. Кеден Одағы аумағынан Қазақстанға темір тұлпар әкеліп, сатумен айналысатын азаматтар бүгін «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстандағы филиалының алдына жиналды. Барлығы да Ресей мен Белорусьтан әкелінген көліктерді тіркете алмай жүргендер.
Жиналғандардың алды Ресей мен Белорусьтан он шақты көлік әкелген. Тиісті төлемнің барлығын жасап қойған олар енді сол машинасын тұрғылықты жерде тіркетіп, мемлекеттік нөмір ала алмай жүр. Өйткені темір тұлпарлары елімізде енгізілген «Еуро-2» экологиялық талабына сай емес.
Үкімет қаулысымен 2009-жылдың 15-шілдесінен бастап Еуроодақ елдерінен 1997 жылдан ескі, Ресейден шығарылғанына алты жылдан асқан көліктерді Қазақстан аумағына кіргізуге тиым салынған. Алайда, көлік иелері оларға бұл заңнама туралы ешкім ескертпегенін айтады. Оның үстіне, ебін тауып күні бүгінге дейін Шымкентке тіркеуге қойғандары бар екен. Енді мұның бәріне қатаң шектеу қойылыпты.
Шу көтеріп жүргендері сол «бармақ басты, көз қыстыға» үлгермей қалғандары. Айтуларынша, өңірде тіркеуден өтпеген осындай мыңнан аса көлік бар.