Шымкенттің автобус жүргізушілері жолаушыларды тасымалдаудан үзілді-кесілді бас тартып жатыр. Себебі, жанармай бағасы шарықтап кетті әрі көліктердің қосалқы бөлшектерінің құны аспандап тұр. Пайдадан гөрі шығынға белшеден батқан көлік компанияларының бірқатары қазір жұмысын тоқтатқан.
Нұрлан НҰРҚОЖАЕВ, автобус жүргізушісі: «35 теңге біздің ешқандай жыртығымызды жамамайды. Мәселен, 2010 жылы жанармайдың литрі 50-55 теңге болса, бүгінгі күні оның бағасы 100-ге барды. Мұны бір деңіз. Екінші, көлікке қажетті қосалқы бөлшектердің құны екі есеге шықты. Автобустың доңғалағы бұрын 30 мың теңге болса, қазір ол 60 мың теңгеге барды. Техникалық қызметтің бағасы да аспандап тұр. Бұрын бір қызмет түрін мың теңгеге істесе, қазір ол үшін бес мың теңге сұрайды. Қысқасы, бұл жұмысымыздың ешқандай пайдасы болмай жатыр. Жолкірені 50 теңгеге көтермесе, қала қоғамдық көліксіз қалады».
Тойбол ӨТЕБАЙ, «КАЮ» ЖШС-нің директоры: «Қалада қазір ең бірінші жетіспей жатқан-көлік жүргізушілері. Бүгінгі таңда жұмыс тәжірибесі мол көлік айдаушылары еліміздің басқа қалаларына кетіп қалып жатыр. Өйткені, Астана, Өскемен, Қарағанды сынды шаһарларда жолақысы 50-60 теңге, әрі түрлі санаттағы азаматтар үшін сондағы жергілікті әкімдік дотация бөледі. Ал бұл автобус иелерін үшін өте тиімді. Бізде қалғаны аудандардан келген жүргізушілер ғана. Тек санаты бар азаматтарды көлік компаниялары амалсыз алып жатыр. Сараптап қарасақ, автобус жүргізушілерінің жағдайы нашарлаған осы мерзімде қаладағы 1000 автобустың қазір 750-і ғана қалыпты. Оның үстіне қалаға қазір жаңа автобус келіп жатқан жоқ. Ескі автобустар болса күнде сынып, автопарктерде жарамсыз күйде жатыр. Ал жаңа автобус әкелуге біздегі 35 теңгенің есебімен банктер несие бермейді. Себебі, әрі қарай берешегімізді өтей алмайтынымызды біледі».
Сөйтіп, Шымкент қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін. Автобус жүргізушілері жергілікті әкімдікті осылай ескертіп отыр. Шын мәнінде, бұл алғашқы ескерту емес. Жолкірені қымбаттату шарасын облыстық «Южавтотранс» қауымдастығы қалалық және облыстық әкімдіктерде 2 жылдан бері көтеріп келеді. Дегенмен, біздегі әлеуметтік ахуалды ескерген басшылар бұған рұқсат бермей келген. Бүйте берсе қала халқы сапасыз тасымалдау мен автобустарды көп күту жырына одан әрі шырмалады дейді аталған қауымдастықтың төрағасы Дархан Қаюпов. Айтуынша, Шымқалада 90 бағытта қатынайтын 936 қоғамдық көлік болса (мұның 295-і бағыттағы таксилер), солардың бүгінгі күннің өзінде 10 бағытында қозғалыс тәртібі бұзылған. Демек, өзге қалаларға жұмыс істеуге кеткен автобус жүргізушілерін есептемегенде 90-дай өоғамдық көлік тоқтап тұр деген сөз. Яғни, №1, 2, 10, 21, 103-ші бағытқа қатынайтын көліктердің қазір 50 пайызы ғана халыққа қызмет көрсетіп жатыр.
Бірақ шымкенттіктер жолкіре үшін 50 теңге төлеуге дайын емес. Қала тұрғындары жүргізушілердің талабы біздің қалтамызды қағады дейді. Әрі біздегі айлық жалақыны Астанадағы айлықпен салыстыруға келмейтінін неге құзіретті орындарда отырғандар түсінбейді екен деп күйінеді.
Ерсейіт БҰХАРБАЕВ, Қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі: «Южавтотранс» қауымдастығының бұл ұсынысын қабылдамай жатуымызға себеп көп. Олар бағаны жоғары сұрап жатыр. Біз болсақ төмендетіңдер дейміз. Сондай келіспеушіліктің кесірінен әлі күнге бір шешімге келе алмай жатырмыз. Оның үстіне бағаны көтерген жағдайда көлік қатынасының сапасын реттеңдеп деп біздің тарап шарт қойып жатыр. Жолаушы тасымалдаушыларға көліктеріңді жаңалаңдар деп жатырмыз. Бірақ олар оған себепті біздің мемлекетте автобустардың шығарылмайтынымен түсіндіріп жатыр. Ал шетелден көлік сатып алуға қымбаттық етеді дейді. Жауапты азаматтармен ақылдасып, бір шешімге келерміз деп сенем».
Дархан Қаюпов жүргізушілер ұсынған баға мақұлданбаса көлік қатынасы қызметінің сапасы күн санап нашарлай береді деп отыр. Жағдай дәл осылай ушыға беретін болса, таяу күндері қолдағы бар қоғамдық көліктерден лезде-ақ айрылырп қалуымыз мүмкін екенін ескертеді.
Дархан ҚАЮПОВ, «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы: «Біз бір жарым жылдан бері қалалық және облыстық әкімдіктегі азаматтарға бірнеше рет арыз жазып, бағаны көтеру туралы ұсыныспен шықтық. Еш нәтиже жоқ. Ондағылар бізге, егер бұл бизнес сендерге ұнамаса, кете беріңдер дейді бұл саладан. Жағдай тура осылай кете беретін болса, қала жақын арада автобуссыз қалады. Әкімдіктегілер осыны күтіп отырған шығар, мүмкін».
Қауымдастық басшылығы құрылғалы бері қалада 8 санатқа жататын 22 мыңнан аса азаматты тегін тасымалдайтынын да қынжылыспен айтады. Ал республиканың 13 облысында бұл үшін жергілікті әкімдік арнайы дотация бөледі екен. Біздің облыста бұл жәйттің мүлдем қаралмайтынына ашынған Д.Қаюпов жолкірені 50 теңге ету арқылы мәселені ретке келтіруге болатынын жеткізіп отыр. Басқа амал қалмады дейді Қаюпов мырза өз сөзінде. Бұрын қала шағын болатын, қазір қауымдастықтың көліктері қосымша 40 шақырымға да қатынайды дейді ол.
Әрине, жолкіренің көтерілуін автобус айдаушыларынан басқа өзге шымкенттік бір тұрғынның мақұлдамасы анық. Дегенмен, таңсәріден көзін тырнап ашып, қажетті бағытыңызға Сізді тасымалдап жүрген автобусыңыздың жүргізушілерінің жанайқайы осындай. Жағдайын дұрыстау үшін кезінде несие алып, енді ай сайын 120-150 теңге несиесіне құюға жағдайы көтермей жүрген бұл азаматтар енді кімге, қайда барып шағымданарын білмей дал.