Жасөспірімді өлтіргені үшін 13,5 жыл темірторға тоғытылды

Жасөспірімді өлтіргені үшін 13,5 жылға темірторға тоғытылды. Ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотында бүгін осындай үкім оқылды. 19 жасар Шымкенттің тұрғынына қасақана адам өлтірді және отты қаруды заңсыз сақтады деген айып тағылды.

Айыпталушы 19 жасар жас азамат бұрын сотты болмаған. Жұмыссыз. Тергеу кезінде анықталғанындай, 17-ақпан күні ол Қайнарбұлақ саяжайында достарымен бірге төбелеске қатысады. Жаға жыртысу кезінде қарсыласының күші өзінен басым екенін байқаған жігіт шолақ мылтық пайдаланып, қарсыласына оқ атқан.

Әбинұр ҚАРАБАЕВ, ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соттың судьясы: «Айыпталушы достарының төбелесіп жатқанын көргеннен соң, шолақ мылтығын шығарып, оларды ататыныны туралы ескерткен. Бұған тоқтамаған оларды айыпталушы отты қарумен атып, нәтижесінде жасөспірім көкірегінен жараланып, сол жерде тіл тартпай кетеді».

Айыпталушыға екі бап бойынша үкім оқылды. Қасақана адам өлтіру мен қаруды заңсыз сақтау. Сот процесінде ажал құшқан жасөспірімнің анасы бұл үкімге көңілі толмай, айыпталушыны қатаң жазаға тартуды талап етті.

Сот үкім кезінде айыпталушының ҚР ҚК 96 бабының 2-тармағы бойынша және 251-бабтары бойынша айыпты деп тауып, оған 13 жыл 6 ай көлемінде бас бостандығынан айырғандығы туралы баян етті. Айтуынша, айыпталушы жазасын өтеу мерзімін түрменің қатаң режимінде өтейді екен.

Енді екі тараптың да 15 күн уақыты бар. Сот үкіміне қанағаттанбаған тарап осы аралықта қайта шағымдануға құқылы.