Қала мектептері жаңа оқу жылына қалай дайындалады

251

Шымкенттің мектептерін жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары басталды. Биыл қалалық білім беру бөліміне қарасты 86 мектепте аңғымдағы жөндеу жұмыстары өтеді. Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз атанған мердігерлер өздеріне алған міндеттерін орындауға кірісті.

Күрделі жөндеуді қажет еткен мекеменің бірі – Жастарға кәсіби бағытта білім беру орталығы. Бұл ғимарат 1976 жылдан бері жөндеу көрмеген. Биыл есік-терезелері жаңартылып, қабырғалары қайта сыланады. Мекеме басшысының өтінішімен мердігерлер тозған кәріз жүйесі мен электр желілерін де алмастырып беруге келісіп отыр. Жалпы атқарылар жұмыстың көлемі 90 млн. теңгені құрайды.

Ал 140 балғынға арналған №16 балабақша толығымен жаңармақ. 25 жұмысшыны осында жұмылдырған мердігер тамыз айында құрылысты тапсырамыз дейді. Балабақшадағы балалар әзірге уақытша демалыста.

Ағымдағы жөндеуден өтетін 86 мектепке қала бюджетінен 89 млн. теңге бөлінді. Биылғы ерекшелік – бұл жұмысқа ұстаздар тартылмайды. Тендерді ұтып алған 4 мекеме барлық мектептерді жаңа оқу жылына сақадай сай етіп беруі тиіс. Бұдан бөлек мектептердің қысқа дайындығына 73 млн. теңге қаралып отыр.