Түркістан облысында көптен күткен тағы бір жоба қолға алынды. Сарыағаш ауданында айналма жолдың құрылысы басталды. Дегемен айтулы бастама күніне 20 мың көлік өтетін жолдағы кептелісті азайта ма? Халықаралық дәліз үшін маңызды бағыт қалай өзгереді?
Сарыағаш қаласында айналма жолдың құрылысы басталды. Ресми мәліметке қарағанда, қала ішінен өтетін республикалық маңызы бар жолдан күніне 20 мыңға жуық көлік жүріп өтеді. Оның ішінде, жүк көліктері де бар. Ал жаңа жол көлік инфрақұрылымын нығайтады, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін күшейтеді дейді мамандар.
ДАРХАН ИМАНАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «Биыл 3400 шақырым жаңа жол салуы керек. Соның 102 шақырымы – осы Сарыағаш айналма жолы. Жалпы қаржы биылдан бастап 5 триллион теңге бөлінеді. 204 млрд теңігесі осы жолға жұмсалады. Бұл бәрімізге маңызды жол. Тек Қазақстан емес халқаралық дәлізді дамытуға маңызды жол».
«ҚазАвтоЖолдың» жоспары бойынша жол заманауи инфрақұрылыммен қамтылады. Мысалы, айналма жолда 22 көпір, 223 құбыр, 8 көліктік жолайырық, 2 теміржол өткелі, демалыс алаңдары мен аялдамалар салынады. Жолдың жобасымен де, құрылысымен де бір мердігер компания айналысады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 7 жылға кепілдік алады. Жалпы Сарыағаш қаласынан өтетін жол өткен жылы 20 миллиард теңге шамасында пайда алып келген. Ал тұрғындар бұл жолды жылдар бойы күттік дейді».
ЛЕСБЕК НҰРТАЕВ, ТҰРҒЫН: «Жолымыз аман-есен басталып, аяқталатын болса халық үшін үлкен өзгеріс болайын деп жатыр. Әр жағын айтсақ та. Тасымал да, жүк тасымалы да артады. Мынау қазіргі республикалық жолдағы кептеліс тоқтайды. Халыққа жұмыс табылады. Сарыағаш, Келес ауданы халқына».
Облыс әкімінің сөзінше, жаңа жол көлік қозғалысын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын арттырады. Құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтау баршамызға ортақ міндет дейді ол.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан осы Сарыағаш айналма жолының құрылысы ресми түрде бүгін басталуда. Дегенмен қолданыстағы екі жолақты жолымыз жалпы есеп бойынша 3 мың көлікке дейін тәулігіне арналған болса, қазіргі таңда 18-20 мыңға дейін көлік жүріп жатыр. Ол деген көптеген кептелістер орын алып, жергілікті халыққа жолаушыларға кедергі келтіріп жатыр».
Жаңа жолдың 43 шақырымы – Сарыағаш ауданы, 58 шақырымнан астамы Келес ауданына салынады. Бұл жол тәулігіне 13 мыңнан аса көліктің қозғалысына сеп болмақ. Жол құрылысы 2029 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Дилара Иса






