Жыртқыш па, мақұлық па? Қазығұрт ауданына қарасты Сынтас елдімекенінен белгісіз бір жыртқыш жануар сүйегінің табылғаны туралы тұрғындар редакциямызға хабарлады. Ескі баспананың астынан табылған жұмбақ қаңқаның қожайындары оны ежелгі динозаврлардың жалғасы деп отыр.
Белгісіз мақұлықтың қаңқасын тапқанда жұмысшы Құрмет Абдуллаев таңқалғанын айтады. Еден астынан табылған сүйекті еппен қазып алған ол, біршама уақыт өткенде тағы бір мақұлықтың бас сүйегін табады. Дереу үй қожайындарын болған жайдан хабардар еткен азамат бүкіл отбасыны ерекше жаңалықпен есінен тандырады.
Қос қаңқаның көрінісі кез келген жанды селт еткізері сөзсіз. Тұрпаты үрей туғызатын сүйекке назар салсаңыз бір қарағанда, көзіңізге ежелгі динозавр тектес мақұлық елестейді. Мұны байқаған үй қожайындары табысын ешкімге бермей, әрі көрсетпей сақтап отыр. Осы жаңалық арқылы тарих үшін тиіттей де болса, септігіміз тисе жақсы дейді.
Бұрын Амангелді, қазір Сынтас деп аталатын елдімекенде тұратын Жаңыл апай: «Келінім орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі. Ол да мұның динозавр қаңқасы екенін растап отыр. Жағдайдан хабарланған көрші-қолаң таныстарымның сөзінше, адыр-қырдан кіріп кетуі мүмкін екен. Кім біледі, солай да шығар»-, дейді.
Тарихы терең Қазығұрт ауданы үшін мұндай белгісіз қаңқаларды табу қалыпты жағдай. Осыдан 30 шақты жыл бұрын Қазығұрт асуын қазу кезінде бірнеше динозаврдың сүйегі табылған болатын.
Владимир Горянов Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері: «Нақты қанша жыл бұрын болғаны белгісіз. Бірақ мақұлықтың қаңқасы өте жақсы сақталыпты. Суретке қарап, ешқандай болжам айта алмаймын. Бір айтарым, сүйек динозаврдікі емес. Ескертемін мұны мен суреттегі тіске қарап айтып отырмын. Дегенмен, бұл тарихта баяғыда жоғалып кеткен жыртқыш сүтқоректі болуы да ғажап емес».
Тыңнан түрен түргендер табылған олжа тарихшылар үшін қызықты болса, саудалауға да бар. Бірақ әзірге қаңқа тиісті мамандардың қолына тиген жоқ.