Жұлдыз жорамал, ауа райы, адам денсаулығы, қоғамдағы кереғарлықтар мен орын алған оқиғалар. Бұл мәселенің шешімін табу үшін кей
адамдар көріпкел-сәуегейлердің, жұлдызшылардың көмегіне жүгінетіні жасырын емес. Осы орайда адамның болашағын ғайыптан болжайтын көріпкелдер қаптап кеткені тағы бар. Бірі – әруақтар демеп жатыр деп айтса, енді бірі Алладан берілген дарын деп жаханға жария салады. Көпшілік жұлдызшы мен көріпкелдің айтқанына иманындай сеніп, солардың уәжі бойынша әрекет жасап жүр. Адамдардың санасын жаулап, өткені мен болашағын болжаушылардың айтқаны расында да шындыққа жанасады ма ? Көпшілік көріпкелге қаншалықты сенім артады? Мұны өздерінен сұрап көрдік.
Бақберген Елдос, қала тұрғыны: «Ия, мен көріпкелдердің айтқанына сенемін. Бұрындары елей бермейтінмін. Ал қазір сенуіме тура келіп отыр. Жуырда ғана жолдастарымызбен Ленгір қаласындағы Ержан деген көріпкелге бардық. Таң қалдым. Барлық шындықты алдыма жайып салды. Мұншалықты біліп қояды деп ойламаған едім. Иә, бұл кез ешқашан есімнен шықпайтын болар. Өткенімді тізбелеп, ештеңені қалдырмай айтып бергенін мен ғана емес, жастайымнан бірге өскен жолдасым да куә болды. Сондықтан, ештеңеге таң қалуға болмайтынын түсіндім. 3 күн оқытыласың жолыңды ашып беремін деген соң, сол тәуіпке оқытылдым. Енді алдағы уақытта да сол емшілге барып, айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ түретін боламын. Бір досымның інісі де қатты ауырып жүретін. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады десем де болады. Көп білгір дәрігерлердің алдынан да өтті. Үлкендер қазақшылыққа апару қажет дегенді соңғы кездері көп айтатын болды. Сондықтан Ержан тәуіпке апарды. Айтқандай-ақ тәуір болып, беті бері қарап келеді. Енді сенбеске лаж қалмады ғой».
Сәуле Жандосова, қала тұрғыны: «Әрине, мыңнан бір туатын балгерлер кездеседі. Жұлдыз жорамал мен болашақты ғайыптан болжап, шындықты біліп отыратын көріпкелдер бар екені даусыз. Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін көптеген балгерлердің алдына барғанмын. Бірі – тура айтып, болашағымды баянды етіп елестетсе, енді бірі – өткенімнен қателесіп, болашыағымды дұрыс айтты.Сол себепті әрқайсысы әр түрлі айтады. Негізінде, кез келгеніне сене беруге болмайды. Себебі олар – әулие емес, адам баласы, анығырақ айтсақ пенде. Қателеседі, тура айтады. Біздің жанымызды түсініп алып, психолог болып алғандары да бар. Тіпті «ставка» қойып, одан азға бал ашпайтындарын да кездестірдім. Сонда олар бойындағы қасиеттерін саудалағандарына таңмын. Бұл — ұят әрекет. «Біз елдің тыныштығы үшін жұмыс істейміз» дейді. Ал мына жасағандары тіптен түсініксіз. Ал менің айтарым да осы, кез келген көрінген көріпкелмін дегендердің сөзіне сене беруге болмайды. Олардың көбісі нәпақасын табу үшін тәуіп болған пенделер».
Гүлайым Момынова, қала тұрғыны: «ия, мен көріпкелге барғанмын. Құрбымның жігіті жайында білу үшін бардық. Айгүл деген құрбым жігітінің суретін алып, болашағын білу үшін арнайы дайындалып кірдік балгердің алдына. Сондағы қорыққаным әлі есімде. Сонда балгер айгүлге мына жігіт сені алдап жүр, бұл жігітке жолама. Болашағыңның бұл жігітке ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ бұл жігіт ақылсыз адам, болашақта маскүнем болады деп айтқан еді. Қарап отырсам, балгердің айтқанының бірі де орындалмады. Айгүл мен Ерназар шаңырақ көтеріп, бүгінде 3 перзенттері бар. Ерназар ешқандай да маскүнемге айналған жоқ, қайта жеке бір кәсіппен айналысып, кәсібін дөңгелетіп жүр. Тұрмыстары да жаман емес. Айгүл екеуміз сол балгерді айтып күліп аламыз. Естуімше сол балгер әлі де бар көрінеді. Десе көпшілікке айтарым, балгер-бақсылардың айтқандарына сене беруге болмайды. Тіпті бармаңыздар дегім келеді. Дін бойынша саралап қарасақ, біздің Ислам дініне бұл әрекет қарама-қайшы. Тіпті балгерге барған адам кәпірмен тең деген аяттар да бар. Сол себепті, бармаңыздар деп кеңес беремін».
Бүгінде орталық қырғы базардағы жер асты өткелінде отырып, болашақты болжаймын деп жүргендер жетерлік. Солардың бірі — Пернебек Жолдасовқа келушілердің қатары қалың. 29 жылдан бері көріпкелділікті ұстап келемін деген ол, бұл қасиетінің қайдан келгеніне тоқталды. Құмалаққа қарап болашақты дөп болжаймын деген балгер Пернебек өз сөзінде келушілер ешқашан айтқаныңыз болған жоқ деп шағым айтқан емес дейді. Көріпкелдігімнің кез келген мәселенің шешімін табатынына ешкімнің таласы жоқ деп ашып айтты ол.
Пернебек Жолдасов, балгер: «Маған бұл қасиет нағашыларымнан дарыған. Негізі мұндай қасиет тек тұқым қуалау арқылы ғана беріледі. Көпшіліктің мұны шатастыратынына тіпті келіспеймін. Тағы да айтамын бұл тек тұқым қуалау арқылы беріледі. Сонау Адам ата мен Хауа анадан келе жатқан құдірет бұл. Мәселен, мен құмалақтарыма қараймын да адамның өткені мен болашағын еркін айта беремін. Бұл көз алдыма елестеп тұрмайды, әрине. Мәліметтердің барлығын да жандүниеммен сезу арқылы біліп отырамын. Тағы да тамырды ұстап тұрып, келешегін дөп басып айта аламын. Айта өтетін жәйт, бұл қасиет кез келген тәуіпте бола бермейді. Тек мыңнан бір туатын тұлғаларда кездеседі. Сондықтан, жұртшылықтың бойымдағы құнды қабілетті бағалай білуі қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ мен халықтың адамымын. Өз-өзімді ешқашан жарнамалаған адам емеспін. Өздері іздеп келіп жатады. Осы көпшіліктің көңіліне қарап, осылардың жағдайы үшін өмір сүремін. Мәселен молдалар адамдардың тірісінде ешқандай көмек бере алмайды. Өлгенде ғана олжа тапқандай барады. Ал мен ол адамның тірісінде көп көмегімді беремін. Ақылымды айтып, кімнің-кім екенін де түсіндіремін. Ең бастысы болашағындағы қауіпті көріп, сол қатерден қорғануына жол сілтеймін. Маңызды мәселелерін де шешіп беруден жалықпаймын. Ел арасында медицинаның әлі жетпейтін кеселдер бар. Судергі немесе қояншық секілді. Дәрігерлердің күші жетпеген соң, маған келіп жатады олар. Су таза айығуына бар жігерімді жұмсаймын. Ол адам жазылғанда маған бұдан артық бақыт жоқтай болып көрінеді. Мен медресе де медицина академиясын да тәмамдаған емеспін, айтып тұрғанымдай бұл ерекше қасиет тұқым қуалау арқылы бойыма дарыған. Сондықтан, бұл қабілетімді жұртшылықтың қажетіне жаратқым келеді».
Таңданатыны сол – Пернебек Қалыбекұлымен сөйлесіп отырғанымызда да қаншама адам мәселесін айтып, сенім артып келді. Ғани Құлжабаев та басына ауыр іс түсіп, болашағын болжату үшін келіпті. 3-4 жылдан бері осы көріпкелдің кеңесімен өмір сүріп келетінін жас жігіт жасырмады.
Ғани Құлжабаев, қала тұрғыны: «Мен көптен бері Пернебек ағамен таныспын. Ең алғаш жолай өтіп бара жатып бал аштырдым. Айтқандары тура келіп, көптеген мәселелерімнің шешімін табуына себепкер болды. Міне, сол себепті ағамның уәждеріне тәуелді болып қалдым. Ештеңені жасырмай, бүкпей айтып салатыны ұнайды маған. Сондықтан Пернебек ағаның айтқандарына қатты сенемін және айтқандарын мүлтіксіз орындауға тырысамын».
Айта өтейік, көріпкелділік қабілетке қатысты имамдардың да айтары бар. Аллаһ Тағала Нәміл сүресінің 65 аят ында «Аспан мен жердегі барлық ғайып істерді Аллаһтан басқа ешкім білмейді» деген екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) және де бір хадисінде :»Кім де кім яғни бақсының алдына барып,оның айтқандарын рас деп қуаттаса, ондай адам Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) түсірілген нәрсеге (уахиға) кәпір болған болады». Деп айтыпты. Сондықтан Құранның қағидасына жүгінген имамадар ақиқат пен алдағы өмір Аллаға ғана аян дейді.
Ербосын Орын, облыс имамының бірінші орынбасары: «Негізінде жұлдыз жорамал болсын, мейлі алдағы өмірін айтып беру болсын,
бұлардың барлығы да Ислам дінінде харам болып есептеледі. Сондай-ақ бал ашу да, балгерге барушы да күнәға батады. Мәселен, балгер келушіге сені алда қуаныш күтіп тұр десе, ол адам қуанышқа дайындалып қуанып жүреді. Яғни Алла Тағала ниетіне қарап қуаныш сыйлайды. Ал балгер ол адамға сені алда үлкен қайғы күтіп тұр деп кесіп айтса, онда ол адам сол қайғы боладыны уайымдап-ақ өз-өзіне қайғы тілеп алады. Ауырып немесе сол ниеті де орындалып қалады.Осындай ұқсастықтар болған соң, халықта мынау шынымен-ақ көріпкел екен деген пікір қалыптасады. Негізінде қазіргі көріпкелдер тек психолог мамандар ғана. Сондықтан бір Аллға ғана құлшылық етіп, Аллаға ғана сеніңіздер. Сонда ғана сізді тек жақсылықтар күтеді».
Көріпкелдер жұлдыз жорамалды айтқанда да жалпылама бір белгіге тиесілі етіп болжайды. Ал дүние жүзінде 6 миллиардан астам адам бар. Сонда барлығының тағдыры бірдей және бірдей оқиға орын алады деу ақылға қонбайтыны анық. Сондықтан, жұлдыз жорамалға сенудің қажет шамалы. Қаперіңізде жүрсін, жұлдызнама – жай ғана адамдардың бір белгіні мақұлдап, көпшіліктің көңілін аудару үшін жасалатын жалған теңеулер.
Ықылым заманнан -ақ кез келген елде мыңнан бір туатын балгерлер болады , дейді көпшілік. Осы орайда олар аса қабілеттілігімен көзге түскен көріпкелдер 30-60 жылдары Польша мен КСРО-ға кеңінен танымал болған Вольф Григорьевич пен болгариялық көр Ванганы тілге тиек етеді. Десе де қазіргі уақытта осы жолмен көпшілікті алдап-арбап нәпақасын тауып жүргендер қаншама. Мақаламыз ойтүрткі болды деген сенім мол. Ендеше, көріпкелдер сөзіне сену – сенбеу өз еркіңізде.