«Ән мен әзіл» Шымкентте

471
Уәлибек Әбдірайымов Оңтүстік тұрғындарына "Еркектер" әзілін ұсынды
Уәлибек Әбдірайымов Оңтүстік тұрғындарына «Еркектер» әзілін ұсынды

«Ән мен әзіл». Шымкентте тағы бір шығармашылық топ қонақта болды. Әсем ән мен әдемі әзілдерін ұсынған өнерпаздар Оңтүстік өңірінің тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.  Айта өтейік, «Шаншар», «Шымкент шоу»  әзіл-сықақ  театрлары мен еліміздің ең танымал эстрада жұлдыздары өңірдің 80 жылдығы құрметіне арнайы кешін ұсынды.  Жаңа еңбектерін жұртшылық алдында паш еткен олар бұл мерекеге ерекше дайындықпен келгенін айтады.

Уәлибек Әбдірайымов, «Шаншар» театрының әртісі: «Мен бұл жолы ерекше әзілімді әкеліп отырмын. Олай дейтін себебім, әдетте біз әзілді әйелдер қауымына арнайтынбыз. Бұл жолы еркектер турасында айтпақпын. Себебі, қазіргі қоғамда еркектер азайып бара жатыр емес пе?! Сондықтан мен ер адамдарына 2-3 немесе одан да көп әйел алуға кеңес беремін. Көп нәзік жандылар айтқандарымды жақтырмай, қарғап жататыны бар… Бірақ мұнда тұрған не бар екен?! Бұл ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр деп білемін. Мәселен, Ұлы Абайдың көп әйел алуы  осы менің айтқан сөздерімнің дәлелдей түседі! Сонымен қоса, Шыңғыс ханның өзі 500-ден астам әйел алған. Кейбірін тіпті жылына көрмейтіндіктен, танымай өткен көрінеді. Мен бұлай болсын деп жатқаным жоқ. Тек қазақтардың саны көбейгенін қалаймын. Бізде не көп, отырып қалған қыздар көп. Сол арулардың орнын тапқанын дұрыс деп есептеймін. Құрдан-құр отырғанша, бала тапсын, халықтың демографиясын дұрыстасын! Менің айтар кеңесім осы ғой. Сондықтан, жұртшылықтан өтінерім, ойымды дұрыс түсінсе екен. Мен бір отбасын ойрандағым емес, айрандай ұйығанын қалаймын. Алайа отырған қыздардың да өз жөнімен орнын тапқаны қоғам үшін де оң шешім болары даусыз».

Аталған ауқымы кең кешке келген көпшіліктің қарасы қалың болды. Өнерсүйерқауым өнер иелеріне деген құрметін қол соға қошеметімен аңғартты. Мерекелі күннің мәртебесін көтергендер кештің көркін кіргізді.

Бақыткүл Байжанова, көрермен: «Иә, рухани азық алып отырмыз деп айта аламын. Анау «Шаншардағы» Уәлибек Әбдірайымов тума талант қой, сахнаға шықпай жатып күлдірді. Әрине, айтқандарын әзіл деп қабылдаймыз. Бұл Біз бен Сіз ғана емес, бүкіл қоғам болып талқылайтын мәселе. Сонымен қоса, теледидардан ғана қарап әндерін тыңдайтын әншілер де келіпті бүгін. Ақылбек Жеменейдің де халық әндерін шырқауы бізге деген құрметі деп түсінеміз. Жанды дауыста, нақышына келтіре айтуы да әншінің шеберлігі ғой енді. Гүл шоқтарын әкеліп, табыстап жатырмыз. Қалай болғанда да біздің облыс өнерді түсінетін өлке!»

Самат Өтебай, көрермен: «Мен мұнда достарыммен келдім. Көптен бері көше бойларында жапсырылып тұрған жарнама қағаздарынан оқып, танысып жүрген едік. Бүгін кешке келіп отырмыз. Әрине, дәл қазіргі уақытта біздің облыстың 80 жылдығына тіпті Астанадан да оркестр келі, арнайы концертін өткізіп, құттықтап кетті ғой. Бірақ бүгінгі кещтің жөні бөлек, халықты түрлі өнермен сусындату. Мұнда ән де, әзіл де, би де болады. Сондықтан келіп, бізге ерекше көңіл күй сыйлап отырған өнер ұжымына алғысым шексіз!»

Сонымен, қазақтың танымал әртістері мен әншілері мерекенің абыройын асқақтатты. Өнерлерін ұсынып, арнайы келіп құттықтауы да өңір тұрғындарын қуанышқа бөледі. Мұндай көңілді де керемет кештер Оңтүстікте  жыл бойы жалғасын табатын болады.