Кешегі апталарда қазақ зиялысын аяулы ақынымыз Мұқтар Шахановтың денсаулығы алаңдатқан-ды. Оңтүстіктің торқалы тойына Отырардың оғланы келе алмай қалар ма екен деп уайымдағанбыз. Дегенмен, рухы өр ағамыз облыстың 80 жылдық тойына келіп, өнеріне сүйсінген елді серпілтіп тастады.
Тойға Астанадан жеткен мәртебелі мейман, ҚР Премьер министрі Серік Ахметов Мұхаңды Шымкентте, «Мұз сарайда» көргеніне қуанды білем, ақынды құшағына ала, қапсыра бетінен сүйді. Денсаулығын сұрап жатты.
Шаханов та адам ғой, саулығын сұраған Қазақ Үкіметбасына басын изеп, рахметін айтты. Ақын аға Ахметовтың бетінен сүйді.
Оңтүстіктің жұрты ырымшыл. Ырымшыл болғанда, кез-келген нышанды жақсылыққа балайды. Бұл жолы да сөйтті.
Қазақ тілінің жанашыры Мұхан Шахановтың Үкімет басшысын құшағына алғанын жақсы ырымға балады. «Енді Үкіметіміз қазақша сайрайтын болады» десіп жатыр.
«Халық айтса қалт айтпайды» дейді ғой…