Úı ANONS «М.Шахановтың соңғы аманаты еді»

«М.Шахановтың соңғы аманаты еді»

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов соңғы сапарға аттанды. Арда ұлмен Отырар төрінде мыңдаған адам қоштасты. Ақынның соңғы аманаты орындалды ма? Қаралы жиында қандай пікірлер айтылды? 

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері, өмірінің соңына дейін сөзді қару, арды ту еткен Мұхтар Шахановтың сүйегі туған жері Жаңа шілік ауылындағы қара шаңырағынан шығарылды. Арда ұлын соңғы сапарға аттандыруға мыңдаған адам жиналды.

 

Ақты  — ақ, қараны -қара деген күрескердің жаназасы ауылдың орталық алаңында өтті. Әуелі ел дарабоз ақынды ерекше толғаныспен еске алды, елге сіңірген еңбегін атап өтті.

 

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Мұхтар Шаханов ұлт мүддесін бәрінен биікке қойған қайсар тұлға. Саналы ғұмырын ел руханиятына тіл мен дәстүрді ұлықтауға арнаған. Қазақ поэзиясын биік деңгейге көтерген».

ҚАЗЫБЕК ИСА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: «Қазақта ақындар өлген соң құрметтеледі. Абай да, Қасым да, Мағжан да, Мұқағали мен Төлеген де солай болған. Ал көзі тірісінде бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, даңқтың барлық биігіне көтерілген қазақ даласындағы жалғыз ақын – Мұхтар Шаханұлы».

Содан кейін жаназа оқылды. Қаралы, азалы ел қадірлі ұлын қимай тұрды.

 

Марқұм соңғы аманаты ретінде өзін Арыстанбабқа жерлеуін сұранып, өсиет еткен. Оны қағазға ғана түсірмей, таспалапты. Мұхтар Шахановтың сүйегі Арыстанбабтың өзіне емес, оған жақын маңдағы қорымға қойылды. 84 жылдық өмірінде шындық атты биік таудың шыңынан түспеген Мұхтар Шаханов осылайша мәңгілік мекеніне кетті.

 

Азалы жиында елі мен жері үшін өмірін сарп еткен қайраткердің соңғы аманаты орындалмады дегендер де болды. Ақынның шәкірттері ең болмағанда Алматыдан көше атауын беруді сұрап жатты.

 

ЖАМБЫЛ АЙМЕНОВ, АКАДЕМИК: «Ол кісінің халқымызға сіңірген еңбегі Әлемдік тарихта қалдырған орнына сәйкес болуы үшін Өзбекәлі Жәнібековтің жанында Арыстанбаб кесенесінің жерінде жерленгені өте дұрыс болар еді. Өзінің қалдырып кеткен видеосы бойынша айтқан мәліметтерді тыңдағанымда Өзбекәлі ағасының жанына барса деген соңғы аманаты еді. Соны орындауымыз керек еді».

БЕРІК АҒЫБАЕВ, МҰХТАР ШАХАНОВТЫҢ ШӘКІРТІ: «Мұхтар аға десе –Желтоқсан, Мұхтар аға десе – тіл, жер бірден еске түседі. Сондықтан Алматыда Желтоқсан көшесі мен Тимирязов көшесі қиылысады. Мүмкін Тимирязов көшесін Мұхтар Шаханов көшесі деп, ескерткішін қойып, құрмет көрсетіле ме деген ой бар».

Сөзімен, тік мінезімен тұтас дәуірдің жүгін арқалаған арлы азамат өлмек емес. Оның өміршең мұрасы, салмақты сөзі, рухты үні, жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталмақ.

 

ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ПРОФЕССОР: «Мұхтар Шаханов ақындық пен азаматтығын егіз ұштастыра білген тұлға. Ұлы тұлға. Ол біздің Желтоқсан қасіретімізді де Кремльдің мінберінен айтқан, айта алған, дүйім елге паш еткен, коммунистік режимнің қылмысын әшкере еткен азамат».

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЕВ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: «Мұхтар ағамыз тұлға еді, тұлға болып қалды. Тұлға дегеніміз ұлттың негізгі тасы, фундаменті. Ол жерде рух бар, діл бар, тіл бар. Ол жерде еркіндік бар. Бүкіл тақырыпты Мұхтар ағамыз шығармаларында беріп кетті.

 

19 сәуір күні Мұхтар Шаханов ауыр дерттен көз жұмды. Кеше Алматы жұрты онымен қоштасқан еді. Өмір бойы отты жырларымен, ұшқыр ойларымен Отырардың даңқын асырған Шахановқа туған жерінің топырағы бұйырды. Еш есепсіз азаматтығы мен қайраткерлігіне бас иіп, елдің түкпір-түкпірінен келген жұрт оның қабіріне бір уыс топырақ салуға асықты.

Дилара Иса