Боза ішіп көрдіңіз бе?!

Бозаны кез келген адам ашыта алмайды
Бозаны кез келген адам ашыта алмайды

Ұлттық сусынның қатарына жататын бозаның ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Бойға қуат беретін бұл сусынды дайындаушылардың қатары да азайған. Ашыту тәсілі оңай болмағандықтан шығар, боза ашытамын деген бұрымдылардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады.

Бүгінде базарларда боза сатылады. Дегенмен там-тұм. Оның үстіне боза салу технологиясын терең білмейтіндердің кесірінен бұл сусынға деген құмарлық та құмға сіңген. Бозаны ашыту үшін табандылық қажет. Көп адам осы ауыр еңбегінен қашады. Бұл сусынды көбіне дәнді-дақылдарды өндіріп барып, дайындайды. Бидай, жүгері, тары, осының бәрі де боза жасауға қажетті дақылдар. Ал ең жақсысы, қара тарыдан дайындалғаны екен. Мәселен, бидайды өндіргенде оның дәніндегі пайдалы заттар С, В дәрумені 3 есе, В2 дәрумені –10, В1 дәрумені – 1,5 есе көбейетіндігін ғалымдар да дәлелдеген.Бозада өндірілген дақылдардың уытында Е дәрумені өте көп болады. Ол күш-қуатты арттырып, адам ағзасындағы ауруға қарсы тұратын иммунитетті арттырады. Ерте қартаюды тежейтін күші бар. Шет елдерде бидай өскінін өндірістік жолмен дайындап, арнайы тағам ретінде тұтынуға шығарады. Тіпті күн сайын 100 грамнан тағамға қоса жеуді дәріптейді шет елдің дәрігерлері. Сұраныс та жоқ емес. Ал біз қолдағы барымызды бағаламай, бұл сусынды таңсық көріп тамсанудан әрі аспай келеміз.

Әсем Кеңесбекқызы, облыстық клиникалық аурухананың гастро-энтерологы, дәрігер-диетологы

– Бозаның қоректік қасиетінің күштілігі сонша ағзадағы зат алмасуды күшейтіп, қандағы шлактарды айдап шығады. Ал медицинада қандағы қалдықтарды тазалау өте қиын екені белгілі. Бүгінде екінің бірі қаны аздықпен ауырады. Осы аурудың алдын алуда боза таптырмас ем.  Буын ауруларына, тұз жиналғанға, ас қорыту мүшелеріне тигізер пайдасы мол. Бозаның құрамында ферменттер көп болғандықтан, залалы мол бактерияларға қарсы әсері бар. Оның құрамындағы аз ғана спирттің өзі ағзаға көп пайдасын тигізеді.  Бүйрегіне тас, тұз жиналған науқастардың оны аса абайлап ішкені жөн. Егер уытты бозаны көп ішсе, қатты ауырып қалуы да мүмкін. Бүйрегінде тасы бар адамдар бозаны әу баста 50-100 грамнан бастап ішіп үйренгені жөн. Содан кейін ғана мөлшерін ұлғайта берсе болады.

Бозаны кез келген жастағы адам іше берсе болады. Бірақ 3 жастан асқан балаларға 5 ас қасықтан артық ішкізуге болмайды. Әсіресе бүйрегі, асқазаны мен бауыры ауыратын адамдар бұл сусынды арнайы дайындатып емге пайдаланса, ауруынан айығатын күн алыс болмайды.

Екінші бір ерекшелігі, бозадан қалған қалдықпен бәйге аттарын бағады. Бозаның түбін жеген мал жұқпалы індетпен ауырмайды. Бозаның түбі деген – дақылды дайындаған кезде сүзілгеннен қалған ең түбіндегі маңызы. Оны жеген мал да қоңды болып, сырқаттан алшақ болады. Боза ішіп, қызара бөртіп жүргенді қалайтындар қазір де жоқ емес. Онда да тек ауылда ғана, болса ғана ішеді. Шіркін, боза дайындауды қолға алып, ұлт саулығына себеп болар сусынды көл-көсір етіп дайындайтын күн туса ғой…

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА