ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған салтанатты жиында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Біздің ең басты мақсатымыз — 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Бұл туралы бүгін елордадағы «Астана Опера» жаңа мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстан халқына Жолдау арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біздің ең басты мақсатымыз — 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Бізде ол үшін мүмкіншілік те, ресурс та, білімді адамдар да, берекелі ұлт та бар», — деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиясының негізгі ережелерін жан-жақты баяндап берді.
«Тура 15 жыл бұрын біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық. Бұл 1997 жыл болатын, әлі посткеңестік дүлей басылмаған, дағдарыс Оңтүстік-Шығыс Азияның және өзге де аймақтардың нарығын шарпып тұрған. Бізге де өте қиын еді» деді Елбасы.
«Осы өткен жылдарда біздің Стратегия бізге шамшырақ қызметін атқарды, тура жолдан таймай тек алға жүруімізге ықпал етті» деді ҚР Президенті өз сөзінде.
«Біз өз жолымызды таңдауымыз керек еді, ал бұл жол Қазақстан-2030 Стратегиясында белгіленген. Бұл құжат бізге стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді айқындап берді» деп атап өтті Н.Назарбаев.
Қазақ тілі 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшеді. Бұл жайында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Айта кетейік, соңғы бірнеше жылдан бері ұлт зиялылары қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін көтеріп жүрген болатын. Бүгінгі таңда ана тіліміз кириллица әріптерімен жазылып жүр.