Риман Гипотезасының дәлелін қазақстандық инженер-конструктор тапты

Есенбек Үштенов

Ғылымдағы сенсациялық мәлімдеме! Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны әлем ғалымдары 150 жылдан астам уақыт бас қатырған неміс математигі Георг Риманның «дзета функция нөлдерін орналастыру» туралы гипотезасының дәлелін тапқанын айтады. Ол үшін бұрынғы инженер-констурктор 4 жыл уақытын сарп еткен. Алайда, оның әлемді таң қалдыратын жаңалығын растайтын біздің елде маман болмай шықты.

Есенбек Үштенов, ізденуші

1859-шы жылы Неміс математигі Георг Риман «бірнеше өлшемді кеңістіктердің арақатынасы» туралы жорамалын әлемге ұсынды. Сол гипотезаның дәлелін ғалымдарының таппай келе жатқанына 150 жылдан асты. Математикада мыңжылдықтың 7 мәселесіне жататын Риман Гипотезасының дәлелін Қазақстандық инженер-конструктор ұсынып отыр. Бұл күрделі мәселені шешу үшін Есенбек Үштенов алдымен жай сандар теориясындағы негізгі проблемалардың шешімін іздепті.

Есенбек Үштенов, ізденуші: «Себебі, жай сандардың проблемасы Риман гипотезасы екеуі тығыз байланысты. Екеуін бір-біріне өте тығыз байланысты болғанда, екеуінің шешімі бір жерден шығып отыр».

Бірақ Есенбек Үштенов өзінің жаңалық ашқанын дәлелдей алмай отыр. Өйткені Қазақстанның белді деген жоғарғы оқу орындарында «сандар теориясын» зерттейтін кафедраны айтпағанда, арнайы маман жоқтың қасы.

Додожон Исмоилов, математика ғылымындарының докторы: «Барлық математиктерге Риман гипотезасының дәлелі көптеген мәселелерді шешуге жол ашады. Бұл үлкен ғылыми жетістік болады. Өйткені қарапайым сандар проблемасының өзіне үш жүз жыл. Әлі күнге шешімі табылған жоқ. маңайына да жақындай алмай келеміз».

Оңтүстікқазақстандық ізденушінің еңбегін ағылшынның ғылыми журналы да басыпты. Бірнеше отандық ірі оқу ордаларына еңбегін жолдап, жауап ала алмаған ізденуші-ғалым «бізде, оған ешкім қызығушылық танытпай отыр», дейді.

Есенбек Үштенов, ізденуші: «Казкосмос» деген агенттігіміз бар. Мұнайды шығарып жатырмыз. Атомда бірінші орындамыз. Ал, енді ғылымға келгенде, бізде іргетастың кірпіші жоқ. Бізде «сандар теориясы» кафедрасы жоқ».

Қазір Есенбектің ғылыми еңбегі толық бітуге жақын. Алайда, оны аяқтауға уақыт пен қаржы қолбайлау болып отыр. 13 мың 600 теңге зейнетақы алатын екінші топ мүгедегі күнкөрістің қамын күйттеу үшін жолаушы тасымалымен айналысуға мәжбүр. Айта кетейік, Риман гипотезасын дәлелдеген ғалымға АҚШ-тағы Клэй математикалық институты бір миллион доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.

Бекжігіт Мәуленов

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=J2w29NcyjE0[/youtube]