Шекарашылардың қырқы өтті

385

 

Марқұм шекарашылардың туыстары оңтүстікке жиналды
Марқұм шекарашылардың туыстары оңтүстікке жиналды

Оңтүстік өңірі әуе апатынан қайтыс болған шекарашыларын еске алды. Орталық Абай саябағына жиналған жұртшылық өткен жылдың 25-желтоқсан күні қазақ елінің қабырғасын қайыстырған апат өмірін қиған 27 саңлақтарына арнап гүл шоқтарын қойды.

27 отбасының ғана емес, бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаға 40 күн толыпты. Шекарашыларға қойылған арнайы ескертікіштің алдына жиналған халықтың қарасы қалың. Олардың ішінде полковник Қанатбек Қабылғазиевтің де жесірі бар. Өмірін ел тыныштығына арнаған жұбайын сағынышпен еске алды.

Гүлсара Асирова
Гүлсара Асирова

Гүлсара Асирова, марқұм Қанатбек Қабылғазиевтің жары: «Өзі үлгілі отбасынан шыққан. Отандасқанымызға жиырма жыл болған. Бір баламыз бар. Жиырмада. Енді ол да жетім. Отбасында жақсы әке болғанымен, өмірін қызметіне арнады».

Еске алу шарасы Даңқ мемориалының алдында жалғасты. Іс-шараға марқұмдардың туыстары арнайы шақырылыпты. Ат артып келген ағайынға, оңтүстік жұрты көңіл айтып, жұбатты да.

Әли Бектаев, ОҚО әкімінің орынбасары: «Бұл оқиға біздің есімізде мәңгі сақталады. 40 күн бойы жалғыз оңтүстікқазақстандықтар ғана емес, барлық ел жақындарынан айрылған отбасылардың қазасына ортақ болды. Тас түскен жеріне ауыр. Бәріне уақыт емші. Сабырлы болыңыздар, олардың көрмей кеткен жақсылығын сіздер көріңіздер».

Қызмет бабында қайтыс болғандар шекарашылардың есімі ел есінде қалады. Сондықтан болар, әріптестері мен бауырларының рухына тағзым етіп келгендер мәңгі алауға гүл қойды. Ал ағыл-тегіл жылап, әкесін сағынған Малика Астанадан ат артып келіпті. Шекара қызметкері Ерғали Нұрлашевтың артында екі қызы жетім қалыпты.

Әкелерін жоқтап балалары да келді
Әкелерін жоқтап балалары да келді

Малика Нұрлашева, марқұм Ерғали Нұрлашевтың қызы: «Папамды сағындым. Мен оны әлі күтемін. Бірақ келмейді».

Нұрғали Нұрлашев, марқұм Ерғали Нұрлашевтың ағасы: «Інімнің артында екі қызы қалды. Келініме обал болды. Амал не, тағдырдың жазғаны осы болса, көнеміз. Балаларына құдайым ұзақ жас берсін».

Марқұмдардың апат болған жеріне ескерткіш қою жоспар да бар. Ал олардың отбасы біздің бақылауымызда дейді еліміздің шекара қызметінің ұжымы.

Абай Бірекешев, ҚР ҰҚК шекара қызметі директорының бірінші орынбасары: «Әрқайсысынң өз орны бар еді. Жауапкершілікті сезініп, ел тыныштығын қорғады. Отбасы мен Отанының амандығы үшін адал қызмет етті».

Марқұмдардың рухына арналып ас беріліп, құран бағышталды. Шекара қызметінде аянбай еңбек еткен ерлерді елі ешқашан ұмытпайды.

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=XFyjgLjyGPc[/youtube]