Шымкентте заңсыз май сығатын цех табылды

497
Май құйылған ыдыстар бұрышта үйіліп жатыр
Май құйылған ыдыстар бұрышта үйіліп жатыр
Май құйылған ыдыстар бұрышта үйіліп жатыр

Шымкентте астыртын жолмен жұмыс істеп келген цех әшкереленді. Пысықайлар кәдімгі өсімдік майын ыдыстарға құйып, танымал брендтің өнімі ретінде сатып жүрген. Әзірге олардың жұртты алдау арқылы қанша ақша тапқаны анықталған жоқ.

Бір белгілісі, көзден таса жерде орналасқан өндіріс орнында тонналаған май саудаға шығып отырған. Бұл цехтағы әрекетті облыстық әділет департаментінің мамандары қаржы полицейлерімен бірлесіп, біраз уақыттан бері аңдып келіпті. Бүгінгі қолға түсіру операциясына арнайы жасақтың сарбаздары да жұмылдырылды. Жасырын жолмен өндірілген өнімнің кезекті партиясы саудаға шығар алдында, көлікке тиеліп жатқан сәтте сарбаздар цехтың аумағына басып кірді. Осылайша бұл жолы заңсыз тауар діттеген жеріне жеткізілген жоқ. Май сығушылар нақты айғақтармен құрықталды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет департаментінің бөлім бастығы Салтанат Нұрымбетованың айтуынша, соңғы уақытта белгілі бір сауда белгісінің құқық иелерінен шағымдар түсіпті. Онда кәсіпкерлер өздерінің өнімдерінің атын жамылған жалған өнімдердің саудаға түсіп жатқаны айтады. Осыған орай бүгінгі секілді қолға түсіру операциялары ұйымдастырылады.

Осы жерде май бөшкеден баклажкаға қолмен құйылады
Осы жерде май бөшкеден баклажкаға қолмен құйылады

Астыртын жолмен ақша тауып жүргендер санитарлық талап дегенді ұмытқан. Бос ыдыстар аяқ астында шашылып жатыр. Кәдімгі сұйық май цистернадан бөшкеге шланга арқылы, одан кейін баклажкаға «воронка» арқылы құйылады. Сөйтіп арзан өнім бірнеше есе қымбатқа саудаланады. Сарбаздар баса көктеп кіргенде абдырап қалған цехтың жұмысшылар біраздан кейін естерін жия бастады. Тексерушілердің сұрағына жауап берген олардың бірі біздің тірлігіміз заңды дегенді айтты. Өздері алыпсатарлықпен айналысатын көрінеді. Сыртында этикеткасы бар ыдыстағы майлардың барлығын көтере сатып алып, таратамыз дейді. Ал бір жарым литрлік ыдыстардың сыртында неге қағазы жоқ деген сауалға «ол — машақаты көп жұмыс» деген жауап айтылды.

Компания өкілі өз өнімдерін салыстыру үшін суретке түсіріп жатыр
Компания өкілі өз өнімдерін салыстыру үшін суретке түсіріп жатыр

Осы сәтте танымал бренд майын шығаратын компанияның бірінің өкілі келді. Ол жасырын цехтан өздерінің өнімдерін көріп, жағасын ұстады. Баклажканы олай-бұлай қарастырып, жалған екенін бірден айтуда. Дегенмен, сөзі дәлелді болу үшін 5 литрлік ыдысты өзінің ұялы телефонының камерасына суретке түсіріп алды. «Мына майдың пішімі жағынан да, сапасы жағынан да біздің компанияның өнімдерінен басқа екенін көріп тұрмын. Оған қоса бұл кісілермен біздің байланысымыз жоқ» дейді Нұрғали Атақұлов, «САТ» ЖШС қаржылық директоры. Енді тонна-тонна тәркіленген тауардың барлығы арнайы сараптамаға жіберіледі. Мамандарыдң айтуынша, егер заңсыз май сығып келген пысықайлардың тірлігінің шикі екені дәлелденсе, істері сотқа жіберілуі мүмкін.

 

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=hToDxn62-uc[/youtube]