» Отырар» телеарнасының және «Рабат», «Оңтүстік Рабат» газетінің журналистері жылдағы дәстүр бойынша батырлар мазаратында сенбілік жұмысын ұйымдастырды. «Батырлар картасы» атанып кеткен мазараттағы тазалық акциясына қаламыздағы 65/06 әскери бөлімінің сарбаздары да атсалысты.
Үйілген қоқысты тазалап, батырларға құрмет көрсетуді тілшілер өз міндеті санап, тазалық жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Шымкенттегі госпитальде қаза болған жауынгерлер жерленген бұл жерге жалғыз ардагерлер ғана емес, қарапайым тұрғындар да көптеп келеді. Сол себепті де бәрі тиянақты таза болу қажет деп есептейді біздің ұжым.
Фарида Шарафутдинова, «Рабат» газетінің бас редакторы: «Мұндай акция керек-ақ. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлерге мәңгілік тағзым етеміз. Олардың тас мүсіндерін таза ұстауды келесі ұрпаққа үйретуіміз керек».
Телекомпаниядағы журналистердің басым бөлігі батырлар мазаратына жыл сайын келіп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дегенді ұрандатқан тілшілердің дәстүрін, жас сарбаздар жалғастырды.
Бағлан Есімов, сарбаз: «Мұнда жерленген батырлардың басым бөлігі соғыс кезінде бізбен қатарлас болған. Жиырма жасында ерлік жасап, елі үшін отқа түскен. Мен бейбіт өмірде дүниге келдім, осы аталарымыздың арқасында соғыс дегенді білмедім. Сол үшін құрмет көрсетуге міндеттім».
Адамзат жүрегіне жазылмас жара салған соғыстың зұлматты күндерінің басты кейіпкерлеріне деген құрметіміз толастамасын. Ерлікке тағзым жалғаса бермек.