Бүгін Бекзаттың туған күні!

4-сәуір қазақтың қаһарман ұлы Бекзат Саттархановтың туған күні

 

Әсілі, батырларды еске алғанда көбіне халқы үшін істеген жақсылығын, елін қорғау жолында жанын пида еткен батырлығын айтып, ерліктерін тізбектеуден әріге бара бермейміз. Батырлар да бір кездері бала еді. Қызға ғашық болды, асыр салып ойнады, жылады, қайғырды, төбелесті, дос болды. Бұл секілді өмірдің шартты – шартсыз тіршілігі кез келген адамның басынан өтетіні үйреншікті жағдай.

4-сәуір қазақтың қаһарман ұлы Бекзат Саттархановтың туған күні
4-сәуір қазақтың қаһарман ұлы Бекзат Саттархановтың туған күні

Түркістанның тумасы Бекзат Сатттархановтың олимпиададағы ерлігі мен спорттағы өзге де жетістіктері турасында аз жазылып жүрген жоқ. Талай талай жаныңды шымырлатар мақала жазылып, өлеңдер шығарылды, тіпті, деректі фильм де түсірілді. Батырдың батылдығы туралы қанша айтсаң да аздық етпесі тағы бар. Тірі болғанда Бекзат биыл орда бұзар 33-ке келер еді. Сұм ажал жас батырымызды, хас батырымызды арамыздан ерте алып кетті. Өкінеміз, еске түсіреміз, қайғырамыз, тірі болғанда туымызды талай биікке көтерер еді ғой деп армандаймыз. Алайда, өткен іске не шара?!

Бекзаттың чемпион болмай тұрған кездегі өмірі қалай еді? Мектепте кімге хат жазды? Кіммен ойнады? Досы кім еді? Сабағы, мінезі қалай? Сотқар ма жуас па? Бұл туралы әлі талай жанды әдеби шығармалар мен фильдер түсірілер. Дегенмен қырышын кеткен, бірақ батыр атанып кеткен ұлымыз, ініміз, ағамыз, бауырымыз жайлы ата – анасының, мұғалімінің айтып берген, есінен кетпес естеліктерін үнқағаз бетіне шығарсақ деген ой келді. Сонымен біз білмейтін бала Бекзат кезінде қандай еді?

«Бекзатымды 7 ай бойы жасырдым»

Сырлыкүл Шойбеко-ва
Сырлыкүл Шойбеко-ва

Осылай деген Бекзаттың анасы Сырлыкүл Шойбеко-ваның айтары аз емес. «Әркім өз баласын айрықша дарынды, өзгелерге ұқсамайтын даралығы барын айтып, еркелететіні заңдылық қой,-дейді қамкөңіл ана мұңайып. – Бекзатым да мен үшін ерекше жаратылған бала еді. Жұрттың баласы секілді асыр салып, доп қуалап, асық ойнап өсті. Бекзатты дүниеге әкелмес бұрын дәрігерлер саған енді бала көтеруге болмайды деп бірауыздан қарсылық білдірген. Себебі менің денсаулығымда біраз кінарат бар екені анықталған болатын. Бірақ мен осы баламды қалай да дүниеге әкелемін деп алдыма мақсат қойдым. Дәрігерлерге Бекзатым іште 7 айлық болғанша екіқабаттығым жайлы ауыз ашқаным жоқ, есепке де тұрмадым. Мұны естігенде дәрігер қатты ұрысты. «Сен өзі өмір сүргің келе ме?» деп. «Алда-жалда босану үстінде өліп кетсең кеш қаралған өзім едім деген тілхат жазып бересің» деді. Жазып бердім. Өз баламды тумай жатып тұншықтырсам, ана атым өшсін дедім. Қай ана болса да сөйтері белгілі ғой. Ол кезде қазіргідей емес, технологияның аса дами қоймаған шағы. УЗИ деген атымен жоқ. Іштегі баланың жүрек соғысын тыңдап көрген дәрігер «мына бала арыстандай қайратты болайын деп тұр екен, жүрек соғысы тура соныкіндей» деп мәз-мейрам.

Бекзатым бала кезінде өте нәзік еді. Кейде отырып армандаушы едім, осы балам неге қыз болып туылмады екен деп. Алдындағы үш ағасына еркелеп өсер еді. Олай дейтінім қызым жоқ болатын. Алдында егіз қыз босанып, екеуі де шетінеп кеткен. Ашығын айтқанда Бекзат қызмінезді еді. Гүлге құмар тұғын. Көшеден, ауладан гүл көрсе отыра қалып иіскеуші еді. Қатты қызығатын соған. Жүрегі арыстандыкіндей болады деген балам осылайша қыз мінезді болып көрінетін.

Бекзат мейірімді еді

3 сыныпта оқып жүрген кезі. Бірге оқитын әке-шешесі жоқ, жетім балалар бар екен сыныбында. Бір күні келіп: «Дене шынықтырудан беретін ағай мама-папасы жоқ балаларға неге спорттық киіммен келмейсіңдер деп әбден ұрысты. Жоқ болғанына олардың кінәсі не? Мақсаттардың (үлкен ағаларын меңзеп отыр) сыймай қалған киімдері болса соларға апарып берейікші» – дейді. Бала болса да сезімталдығына, алақандай жүрегі әлгі балалардың аянышты халін көріп ауырғанына таң қалдық. Жетім көрсе жебей жүретін халықпыз ғой, Бекзатқа әлгі балаларды ертіп келе ғой, ертең базарға апарып киім әпереміз дедім. Бикошымның қуанышында шек болмады. Бір уыс бетінен мейірім мен шаттықты байқалды. Баламыздың осындай екеніне қатты қуандық. Қазіргі заманда бала түгілі үлкендерден шапағат күту мұң болып кетті ғой. Қанша бала көріп жүрмін, немерелерім де баршылық, алайда Бекзаттың бойындағыдай бегзадалықты, мейірімді байқай алмай жүрмін. Ол өсе келе қайырымдылықты бізге айтпай жасайтынды шығарды. Кейбіреулерін енді естіп біліп жатырмыз.

Спорттан аты шығып, әлемді аралап, бірақ әлі олимпиада чемпионы атана қоймаған, заманның құбылып тұрған кезі. Қаламызда жасөспірімдер футбол командасы бар болатын. Тоқсаныншы жылдары елдің жағдайы нашар еді ғой. Сол командада ойнайтын балаларға Бекзатым шетелге жарысқа барғанында жиған-терген, жарыстардан тапқан ақшасына судай жаңа формалар сатып алып, келген соң таратып беріпті.

Шымкентте тұратын туысымыз бар еді. Кішкентай баласы Бекзат ағам сияқты боксшы болам дейді екен. Ақыры боксқа барыпты. Өзі де бейімдеу болса керек. Бірақ қу ақшаның жоқтығы кесірінен кейде жарыстарға бара алмай жүреді екен. Соны көрген Бикошым жарыстардан қалып қоймасын деп, қолында бар ақшасын беріп, киімін әперіп көмектесетін көрінеді. Сол бала кейіннен талай жарыстарда оза шауып, жүлде алып жүрді. Оған біз де қуанатынбыз.

Бір күні дүкен аралап жүрсек Бекзат бір былғары допты ұстап алып «мама мына допты алайықшы» деп жалынғандай кейіппен қарап тұр. Әпере салайын десем ақша шіркін жетіңкіремейді. Бекзат, айналайын басқа ойыншық ала салшы десем көнбей қойды. Амал жоқ, бар ақшамды төлеп, қалғанын қарызданып былғары допты сатып әпердім. Уйге келді дағы көшеде ойнап жүрген балаларға берді ғой соны. Сөйтсем көршіміздің баласы добын қызғанып, ойнауға бермейді екен. Бұл болса сол балалар үшін алғаны белгілі болды. Бәрі ойнасыншы дегені. Өзі өрімдей жас болса да кейде Бекзаттың қайырымды істері кейбір үлкен азаматтарға үлгі боларлықтай еді…

Өмірінің соңғы кездерінде балам болашағына жоспар құрғыш болып алды. Күнделік арнап, соған алдағы атқаратын істерін, жоба-жоспарын жазып жүретін әдет шығарды. Мама мен әлі кем дегенде екі олимпиаданың чемпионы болам деуші еді. Бірдеңеге асығып жүргендей, бір нәрседен қалып кететіндей күйгелектеніп кететін. Халықта сөз бар ғой «болашаққа жоспар құра беруге болмайды» деген. Баламның асыл армандары, жоспарлары осылайша өзімен бірге бақилыққа кетті. Бірақ артынан ерген қазіргі інілері Бекзат жеткен биікке әлі талай жетеді деген сенімдемін.

«Таң намазын тастамай оқып жүріпті»

Сейілхан Саттарханов
Сейілхан Саттарханов

– Бекзат боксқа 15 жасында алаңсыз бет бұрды. Сол кезде мектепте бокс үйірмесі ашылыпты, – дейді Бекзаттың әкесі Сейілхан Саттарханов. – Соны естіп алған Бикош: «Папа, мен боксқа қатысам» деп қиғылықты салды. Жазғы демалыстың уақтысы тұғын. «Мейлің, 3 ай бойы құр жүргенше қатыссаң қатыса ғой» деп келісім бердім. Қыркүйектің соңына таман турнирге қатысатын болды. Қуанып жүр. Мен отырмын, «3-ақ ай қатысқан бала қайбір қарық қылады дейсің» деп. Қатысты. Үш күннен кейін «Мен кубокты жеңіп алдым!» деп келіп тұр үйге. Алғашқы жеңісі біз үшін де өзі үшін де өте ыстық еді. Сол кубогы үйде әлі тұр. Осыдан бастап ерекше құлшынысы пайда болды спортқа деген. Келе келе жеңісі көбейе берді. Нұрлан Жұмабаев деген жас жаттықтырушы көңіліме ұнап, кейін баламды соның қолына бердім. Алыс қалалардағы жарыстарға жіберерде қатты қиналып қалатын едік, себебі спортшылар ол кезде өз қаражатымен баратын еді ғой. 5 – 10 мың деген ол кезде әжептеуір ақша. Соны әйтеуір қарыздансақ та тауып беріп жүрдік. Жаттықтырушы Нұрлан да шыр-пыр болатын: «Өзім демеуші іздеп едім, таппай қойдым. Өздеріңіз бірдеңе қылыңыздаршы. Бекзат болашағынан көп үміт күттіреді» деп қайта қайта келетін. Бекзат жарыстардан қалмай жүрді. Үнемі 1-ші орын алып келетін. Елдің түпкір-түпкірінен келген жаттықтырушылар Бекзаттың боксқа кездейсоқ келмегенін аңғарып, жан жақтан сұраулар түсе бастады. «Маған берсеңіз баланың бар жағдайын жасаймыз» деушілер тіпті көбейіп кетті. 1997 жылы Шымкенттік Анатолий Петрович деген бапкер келді. «Балаңыздан мықты боксшы шығады, маған берсеңіздер солай боларына уәде беремін» деді. Бекзаттың өзі де спортқа біржола кеткісі келіп жүретін. Ақыры сол орысқа қосып жібердік. Туа бітті дарыны бар адам әйтеуір тесіп шығады екен ғой бір жерді. Бекзаттың небары 5 жыл ішінде олимпиада чемпиондығынан өзге бағындырмаған биігі қалмады.

Ол өсе келе аят жаттап, дінге бет бұра бастап еді. Сиднейге кеткенше намазын тастамады. Кетер алдында екі апта бойы үйге келіп демалған болатын. Сонда «әй балам ау өзің азаннан кешке дейін дайындаласың, жаттығуың бар, бес уақыт намаз оқисың. Әзірге таң намазын ғана оқи тұрсайшы» деп өтіндім. Балам ештеңе демеді. Қазір сол айтқандарыма өкінем. Дінге бет бұрғанының, Алланың жолына түскенінің арқасы шығар сондай биікке көтерілгені. Ермаханның айтуынша Бекзат Сиднейге барғанда да таң намазын тастамай оқып жүріпті».

Орысшаға шорқақ еді

– Бекзат анау айтқандай керемет, үздік оқыды деп айтудан аулақпын,-дейді Бекзаттың мектептегі ұстазы Әсия Қаппарова. – Байқасаңыз батыр тұлғалы азаматтардың, жазушылардың, өнер иелерінің мектепте өте жақсы оқығандары сирек қой. Бірақ Бекзат нашар оқыған жоқ. Оның үнемі үздік оқитын сабақтары Қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы еді. Орыс тіліне мүлдем шорқақ болатын. Мекетпті бітіргенше орыс тілін жөндеп үйрене алмай кетті.

Тәрбиелі, тәртіпті тұғын. Бала болып біреумен ерегісіп, төбелесіп жатқанын көрмегенмін. Педагог ретінде байқағаным, спортқа бейім балалар өте құйма құлақ келеді, және де тәртіпке мойынсұнғыш. Бекзат жоғары сыныптарға өте келе спортқа жан-тәнімен кірісті. Сол кездің өзінде-ақ мектебіміздің абыройын асырып, ұстаздардың мерейін өсіруші еді. Сыныптағы ер балалар өскен сайын топтарға бөліне бастады, бір топта өңшең бұзықтаулары болса екіншісінде белсенді, жақсы оқитын, тәртіптілер жүретін. Бекзат соның екінші тобының мүшесі болды. Бірге жүрген достарының барлығы дерлік қазір үлкен азаматтарға айналған. Алайда біз үшін Бекзаттың орны ерекше.

Бала болған соң қыздарға қырыңдайды. Бірақ естияр махаббат құруға, отбасылы болуға қысқа ғұмыры жетіңкіремей кетті ғой. Байғұс анасын көргенде көзіме жас тығылады. Жастайынан айрылды ғой баласынан сорлы ана. Ол менің де балам еді. Бекзат өлді дегенде жүрегім тас төбеме шықты. Туған баламнан айырылғандай болдым. Уақыт шіркін ұмыттырады екен. Қазір де мұғаліммін. Кейде сабақ үстінде отырып кейбір балалардың бойынан Бекзатқа тән қылықтарды, мінездерді көрем. Жеңісі соныкіндей, тағдыры оған ұқсамаса екен деп тілеймін. Ғұмыры ұзақ болсын деп».

 

Түйін:

Бүгінде Түркістанда даңғыл, спорт кешені, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің жастар ұйымы, тіпті, өзі тұрған шағынаудан да Бекзат атымен аталады. Батыр ұлын естен шығармаудың бір бейнесі ғой бұл да болса. Алайда сағыныш шіркін бәрібір қылаң береді. Оны елі сағынады, киелі жері сағынады, ең бастысы әлдилеп емізген, батыр қып өсірген анасы мен әкесі сағынады. Осы мақаланы жазу барысында Бекзаттың үйіне арнайы барып, сол кісілерден сұхбат алдық. Анасы байғұстың көз жасы әлі кеппепті. Әңгіме барысында бір жылайды, бір күрсінеді. Сейілхан ағаның да көзінде мұң, ішінде шер жатқандай көрінді. Сөздерінен бір мезгіл батыр ұлына деген мақтаныш сезімі байқалса, бір кезде көмейлерінде өксік тұрды тіреліп. Айтпақшы, Бекзаттың Бекзат есімді інісі өсіп келе жатыр екен. Мақсат деген ағасының баласы. Тіл көзім тасқа, айнымаған Бекзаттың өзі. «Баламның аты өшпесін деп, имамдардан рұқсат сұрап барып атын қойдық» – дейді Сырлыкүл жеңгей.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ