Қасқалдақтың қанындай қазақы өлеңді өмірінің мәні еткен ақын, К.Симонов атындағы медальдің иегері, журналист Нармахан Бегалыұлы 70-ке толып отыр. Осыған орай Абай атындағы қалалық кітапханада ақынмен жүздесу өткен болатын.
Жүздесуге қаламгердің әріптестері мен шығармашылық қауым болды. Нармахан ағаның ақындығына тәнті болған Тынышбай Рахым: «Н.Бегалыұлы махаббатты жырлауға,өз көңіл-күйі арқылы табиғат көріністерін суреттеуге бейім.Ойын мейлінше өзіндік теңеулер арқылы жырлауға ұмтылады» деп жазған болатын.
«Ұлы өнерді ұрандап, Болашаққа баратын-Түркістанда-түмен бап, Темірланда-Нар-ақын» -дейді Иран-Ғайып. «Нармаханның поэзиясы да қазақтың қанындай таза поэзия!Өйткені ол ауыл-үйдің арасындағы өріссіз ақын емес.Қазақтың қарағай бітімді қаламгері. Талантының тамыры тереңде жатыр. «(Әмірбек Көпен)
« … бүгінде қазақ поэзиясы, қазақ өлеңі, қазақ лирикасы туралы шынайы әңгіме қозғайтындардың қай- қайсысы да біздің Бегалыұлы Нармаханды айтпай, атамай қала алмайды. Міне, гәп қайда жатыр?!» (Жазушы, Мархабат Байғұт)
Ордабасы тауы оны биіктетті,
Құдайым абыройды үйіп төкті:
Кішкентай Нармаханның құшағына
Үш бірдей Президент сиып кетті.
Сарыбаев Қаныбек