Жеткіншектер Астананың мерейін асырды

652
Жас суретшілер байқауы

Қаламыздағы Абай саябағында 7-12 жас аралығындағы суретшілер байқауы өтті. Елорданың сұлулығын асфальт бетіне бейнелеген жеткіншектер, оның бүгіні мен ертеңіне деген өз арманын өз шығармашылығы арқылы білдірді.

Балалар асфальтқа Астананың ертеңін бейнеледі
Балалар асфальтқа Астананың ертеңін бейнеледі

Байқау шарты бойынша суреттер қайталануға болмайды, дайын дүниеге қарап салуға да тыйым салынған. Айта кетейік, «Астана — арман қала» тақырыбы аясында өрбіген өнер сайысына 50-ден астам үміткер қатысып отыр. Солардың бірі 13 жастағы Еламан Қалмұрат. Алғашында Астана қаласындағы «Бәйтеректі» салуды көздеген ол, кейіннен Ақорданың кескіндеуге кіріскен.

Еламан
Еламан Қалмұрат Ақорданы салып жатыр

Еламан Қалмұрат: «Мен Астана қаласындағы Ақорданы салып отырмын. Оған ақ, көгілдір және сары түстерді қолданып жатырмын. Және бұл суретті салу жолында көп ойландым, дәл осы Ақордаға тоқталған себебім Н.Ә.Назарбаев атамыз тағынан кетпесін деген ниетім бар еді. Сол үшін салып жатырмын. Сонымен қоса Астана қаламыз бұдан әрі гүлденіп, жайнай бергенін қалаймын! Осы сайыста жүлделі орын аламын деп ойлаймын. Осы суретті салу кезінде жолдың түзу еместігі қиындық туғызып жатыр. Және өзім ешқандай көмек-суреттерге қарамай, ойымда сақталған бейне бойынша салудамын». 

Олардың еңбектерін Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжінің профессорлары бағалады. 

Манғолбай Бизақов, қазылар алқасының төрағасы: «Біз енді аралап көріп отырмыз барлығын. Енді балдардың қиялы деген өте керемет. Сурет салған кезде мына нәрселерге баса назар аудардық. Бұл жердегі баланың шығармашылық ойлау қабілеті. Одан кейін композициялық құрылымы. Одан кейін Астанағ деген өзінің шынайы махаббаты, сезімі».

Жас суретшілер
Жас суретшілер алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды

Нәтижесінде, «Жастық» аула клубы бірінші орынды жеңіп алды. 2 -ші жүлдені «Алпамыс» және «Денсаулық» топтары өзара бөлісті. Ал «сенімдіктер» үшінші орыннан көрінді. ОҚО Жастар саясаты мәселелері басқарма басшылығы ұйымдастырған мерекелік шара айтулы тойдың мерейін асырды.