Облыс әкімдігінде тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл жолы комиссия мүшелері жемқорлыққа жол берген Арыс ауданы шенеуніктерінің мәселесін қарады.
Жиында айтылған негізгі ескертпелер, әсіресе, Арыс қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Хасеновке қатысты. Өйткені ол қалалық тәртіптік кеңестің төрағасы бола тұра 5 әкімшілік заңсыздыққа жол берген.
«Оның жіберген кемшіліктерінің барлығынан да сыбайласқан жемқорлықтың иісі аңқиды» дейді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарманың өкілдері.
Мұнан бөлек, Дәулет Хасеновке жергілікті жердің коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысын жұмыстан заңсыз қуғаны жөнінде де айыптар тағылды.
Ынтымақ Мәдиев, ОҚО Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары: «Хасенов мырза 3 жыл ішінде Арыстағы тәртіптік кеңесті басқарып, осы уақыт аралығында бірде-бір жиын өткізбеген. Тәртіптік комиссия мүшелері жергілікті жердегі мектептің директоры Бейсенова пара алу бойынша ұсталғанда да бас қосып, байлам жасамаған. Сондай-ақ, білім бөлімінің басшысы ҚР-ның 28-бабын бұзғанда да ләм-мим демеген».