«Томпақтың» тұсауы кесілді

«Томпақ» телехикаясы

Сүйінші! Елімізде алғашқы балаларға арналған анимациялық телетуынды көрерменге жол тартты. «Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген телехикая «Томпақ» деп аталады.

«Томпақ» телехикаясы
«Томпақ» телехикаясы

Осы орайда «Қазақстан аниматорлары ассоциациясы» фантастикалық жанрда түсірілген 12 бөлімнен тұратын телехикаяның тұсау кесер рәсімін өткізді. Көрсетілімнің алғашқы көрермендері «Балапан» телеарнасының басшылығы мен шығармашылық топ, хикая кейіпкерлерінің ата-аналары болды. Аниматорлар бұл туындыны көпшілікке ұсынбас бұрын өздері бір саралап алғанды жөн санапты.

Туындының сценаристі, әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Фильм директоры – Нұриддин Пәттеев. Анимациялық кинотуындының басты кейіпкерлері мектеп оқушылары. Басты рөлдерде: Ы.Алтынсарин атындағы №65 гуманитарлық-эстетикалық мектеп-гимназиясының оқушысы – Арман Қасымбеков, №68 негізгі орта мектептің оқушысы – Рауан Ахмедов пен Олжас Омаровтар ойнайды.

Телехикая Төле би ауданының Диханкөл, Қасқасу ауылдары мен оңтүстіктің табиғаты шұрайлы бірқатар аудандарында түсірілген.

Фильмнің желісі бойынша, бір ауылда тұратын кішкентай үш бала түнде көршінің алма бағына ұрлыққа түседі. 2-ші сыныпта оқитын үш дос, ойнап жүріп ауыл сыртына шығып кетеді. Олар кенет аспаннан бір жарық сәуленің жерге қарай зымырап келе жатқанын көріп, алып-ұшып жетіп барса, жерде қирап жатқан ұшатын табақшаны көреді. Олар сол маңда ес-түссіз жатқан, жатпланеталықты тауып алып, түнде өздерімен бірге үйлеріне алып қайтады. Оған «Томпақ» деп ат қояды. «Томпақ» есін жиған соң үш достың өмірінде адам сенгісіз ғажап оқиғалар басталады.

«Томпақ» кішкентай көрермен-дерге «Балапан» телеарнасы арқылы көрсетіле бастады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ