Шымкентте «Отырар» облыстық кітапханасы бой көтерді

3173
"Отырар" кітапханасы

Шымкент қаласының болашақ әкімшілік-іскерлік орталығында облыстық кітапхананың жаңа ғимараты бой көтерді. Мәдени нысанның жобалық-сметалық құнына қазынадан 700 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған.

"Отырар" кітапханасы
«Отырар» кітапханасы

Енді осы ғимарат облыстық Александр Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханаға берілмек. Қазіргі уақытта 340 мың кітап қоры бар мәдениет ошағы жаңа ғимаратқа жайғасып жатыр.

Жаңа кітапхана «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан. Ұжымға өзге де әріптестері көмекке келіп, ауыр жүк көліктеріне тиелген мыңдаған кітаптарды тасуға көмектесті. Айта кетейік, осы кітапханаға «Отырар» облыстық кітапханасы атауы беріліпті. 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=JL13aqMsd0U[/youtube]

Шәрбану Дінәсілова, облыстық «Отырар» кітапханасы директорының орынбасары: «Өте қуаныштымыз. Мұндай ғимарат 1 жыл ішінде қолданысқа беріледі деп ойламаған да едік. Енді міне, түсіміз сияқты бәрі. Бүгін 4-ші күн болды – көшіп жатырмыз, аптаның соңына дейін көшіп бітеміз деген ойымыз бар. Ал кітапхананың «Отырар» аталуына еш қарсылығымыз жоқ. Қайта бұл атау тарихта бар, қасиетті атау ғой. Зиялы қауым өкілдері де келіп, кітапхананың жағдайымен танысып, қуанышымызды бөлісіп жүр.  Оңтүстікте  осындай кітапхана салынғаны барша жерлестеріміз үшін мәртебе деп білеміз. Кітапхананың аты өзгергенімен, ұжым да, кітап қоры да сол күйі қалады.»

Кітапхананың құрылыс жұмыстары өткен жылы тамыз айында басталған болатын. Ал жаңа нысанның ресми ашылу салтанаты қазан айының 28-ші жұлдызына жоспарланып отыр.