Úı ANONS 100 мектепте 300 пән кабинеті жабдықталды

100 мектепте 300 пән кабинеті жабдықталды

Түркістан облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бірқатар  әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр.  Мысалы, бүгінге дейін 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.  Ал «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасы ауыл мектептеріне қандай өзгеріс әкелді? Осы және өзге де маңызды бастамалардың нәтижесі облыс әкімі мен қор басшылығының кездесуінде сараланды.

 

2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Түркістан облысына жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын жобаларды қаржыландырған. Нақтырақ айтқанда, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау салаларына қолдау көрсетілген. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесу кезінде айтылды.

 

Кездесуде өңірде жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың нәтижесі сараланды. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы бірлескен жұмыстардың алдағы бағыттары айқындалды.Облыс әкімі қор басшылығына аймаққа көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін алғыс айтып, бұл әріптестік өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

 

Сонымен қатар кездесуде қордың «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Жоба аясында Түркістан облысындағы 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталған. Ал облыс әкімдігі өз тарапынан өзге де пән кабинеттерін жаңартып, 4,5 мыңнан астам мұғалімнің біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.

 

Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған. Қор мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалған азаматтарға әлеуметтік, медициналық, білім беру және өзге де бағыттар бойынша көмек көрсетеді. Оның қызметі мемлекеттік бюджеттен емес, ірі бизнес өкілдері мен меценаттардың қайырымдылық жарналары есебінен қаржыландырылады.

Дилара Иса