Шымкентте кәсіп бастауға ниетті азаматтарға арналған жана бизнес идеяларды іске асыру бойынша мемлекеттік грантқа үміткерлердің бизнес-жоспарларын қорғау кезеңі аяқталды. Арнайы оқудан өтіп, бизнес-жоспар әзірлеген қатысушылар өз жобаларын комиссия мүшелеріне таныстырып, олардың өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеуге тырысты. Биыл да бағдарламаға қызығушылық танытқан азаматтардың қатары көп. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібін ашып, табысын арттыруды көздеген тұрғындар нарықтағы сұранысқа сай түрлі жобаларды ұсынды.
Жалпы, үміткерлер жартылай дайын тағам өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу, тігін ісі, кондитерлік өнімдер мен жедел тамақ дайындау бағыттары бойынша жобаларын ұсынды. Айта кетейік, мемлекеттік грантқа қатысу үшін 435 азаматтан өтінім қабылданған. Іріктеу нәтижесінде талапқа сай деп танылған қатысушылар 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алады. Бағдарлама халықтың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын бизнестің дамуына серпін беруді көздейді.
Гүлзира Сырлыбаева – 40 жаста. Үшінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, ол сүйікті ісінен қол үзбей, дизайнерлікпен айналысып келеді. Қолөнер мен шығармашылықты серік еткен кейіпкер түрлі сәндік бұйымдар мен интерьерге арналған ерекше дүниелерді әзірлейді. Оның әрбір туындысы талғам мен ұқыптылықтың, еңбекқорлық пен табандылықтың көрінісі. Гүлзира мүмкіндігі шектеулі жандарға бастысы – өз-өзіне сеніп, еңбектенуден тайынбау екенін дәлелдеп келеді. Нәтижесінде, оңды шешім алып, грант жеңімпазы атанды.
Биыл жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант 200 азаматқа беру жоспарланған. Әзірге, бірінші лек бойынша 105 адам оңды шешім алды. Енді грант иегерлері өз кәсібін ашып немесе ісін кеңейтуге мүмкіндік алады. Алайда қаржыны мақсатты әрі тиімді пайдалану – басты талаптардың бірі. Осыған сәйкес, келісімшарт талаптары бойынша әрбір кәсіпкер грант қаражатының игерілуі және бизнесінің даму барысы туралы белгіленген мерзімде есеп тапсыруы тиіс. Бұл грант қаражатының тиімді жұмсалуын бақылап, кәсіпкерлік жобалардың нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік грант қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Егер грант иегері бөлінген қаржыны келісімшарт талаптарына сай пайдаланбай, өзге мақсатқа жұмсайтын болса, оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады. Сондықтан әрбір кәсіпкер грант қаражатын тек бизнес-жобасын дамытуға бағыттап, келісімшартта көзделген міндеттемелерді толық орындауы тиіс.
Бизнес-жоспарларды бағалайтын комиссия құрамына мәслихат депутаттары, тәжірибелі кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ауыл шаруашылығы және ғылым саласының мамандары, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері енгізілген. Олар әрбір жобаның экономикалық тиімділігіне, жүзеге асу мүмкіндігіне және нарықтағы сұранысына жан-жақты баға берген. Комиссия мүшесі Бекзат Толыбаевтың айтуынша, күн сайын жүзден астам азаматтың өтінімі қаралған. Тіпті, қаладан тыс жерде тұратын үміткерлер үшін онлайн форматта қатысуға да мүмкіндік берген.
Мемлекеттік грант жай ғана қаржылай қолдау емес, өз кәсібін бастауға берілетін үлкен мүмкіндік. Сондықтан комиссия мүшелері әр жобаның өміршеңдігіне, экономикалық тиімділігіне және әлеуметтік маңыздылығына баса мән берді. Ал іріктеуден сүрінбей өткен қатысушылар мемлекеттік қолдаудың арқасында өз бизнесін бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қоса алады.
Нұргүл Жолымбетова






