Бір кездері елдің саяси өміріне қатысты маңызды кездесулер өткен бұл ғимарат бүгінде балалардың білім алып, дамуына арналған орталыққа айналды. Шымкенттегі бұрынғы президент резиденциясы қазір дарынды оқушыларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру лагерінің қызметін атқарады. Мұнда білімге құштар, олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары демалып қана қоймай, өз қабілеттерін шыңдап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Заман талабына сай жабдықталған орталықта балалардың қауіпсіздігіне, сапалы демалысына және жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінген. Бұрын мемлекеттік маңызы бар нысан болған ғимараттың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы арнайы репортаж ұсынамыз.
Бұл – Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ аумағындағы дарынды балаларға арналған арнайы лагерь. Дәлірек айтқанда, 2008 жылы бой көтерген бұрынғы президент резиденциясы. Ғимарат ауданы мың шаршы метр. Аумағы – 8 гектар жер. Жан-жағы көгалдандырылған, сәндік ағаштар, гүлзарлар және субұрқақтармен безендірілген.
Резиденция Қазақстан Президенті қалаға жұмыс сапарымен келген кезде пайдаланылатын мемлекеттік нысан еді. Онда ресми кездесулер, делегацияларды қабылдау және мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар өтетін. Сондықтан да нысанның күзеті күшті, қамалы тастай болатын. Ал ғимараттың өзі заманауи әрі монументалды стильде салынған. Қасбеті ашық түсті табиғи таспен әрленген, үлкен бағандар мен кең кіреберісі бар.
Дәл қазір осы зәулім сарайдың іші дарынды балалардың шат-шадыман күлкісіне толған. Кезінде президент жұмыс сапарлары кезінде пайдаланған резиденция қазір сауықтыру лагеріне айналған. Бір ауысымда 30 бала қабылданады. Жалпы нысан қалалық білім басқармасының балансына өткен.
Лагерге барлық бала бірдей бара алмайды. Тек қала мектептеріндегі 6-10 сынып аралығында оқитын дарынды және олимпиада жеңімпаздарына жолдама беріледі. Мысалы, қазір олимпиада, ғылыми жобалардың жеңімпаздары демалып жатыр. Басты мақсат – кез-келген баланың білімге деген құштарлығын арттыру және оларды жігерлендіру. Мұнда 1 бала жылына 12 күн демалуға құқылы. Лагерь аумағына кіргеннен балалардың ұялы телефоны толықтай алынып, қайтар уақытта ғана беріледі.
АҚБОТА ҮКІМЕТҚЫЗЫ, БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: «Бұл жерде барлық балалардың жақсы демалуына жағдай жасалған. Күнде түрлі іс-шаралар өтіп отырады. Әр ауысымға тақырыптар қойып отырмыз. Достық мекені, ғылым және интеллект деп әртүрлі тақырыптар қоямыз. Сол тақырып бойынша әр ауысымда жұмыс жасаймыз. Негізгі әдістемелік бағдарламасы балалардың білімін арттыру. Балалардың талантын ашу. Түрлі бағдарламалар арқылы бала өзін-өзі таниды. Өзін тұлға ретінде есептей алады. Тұлға демекші бізде «Тұлға бол» жобасы бар. Онда балалар лагердің бірінші күнінен бастап 1 кітап алып оқиды. Бізде президент кітапханасы бар. Сол жерден қалаған әдебиеттерін таңдап, кітап алып, 10 күн бойы сол кітапты аяқтап шығады. 11 күні сол кітапты бала толық қорғап, сол кітаптан алған әсерлерін, сүйікті кейіпкерлері туралы айтып, қорғайды. 12 күні жоба жеңімпаздарын марапаттаймыз».
Жобаның мақсаты – балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру және тіл байлығын дамыту дейді бөлім меңгерушісі. Бұл лагерге келген балалар үшін жасалған бірнеше бағдарламаның бірі ғана. Жобалар балалардың жас ерекшелігіне қарай жасалады. Сәйкесінше, бағыты да, жоспары да әртүрлі. Көбінде оқушылар өз білімдерін сынайды. Білгенін ортаға салады, бәсекеге түседі.
Баланың бір күні қалай өтеді? Қызметкерлердің сөзінше, балалардың күні таңғы сағат жетіден басталады. Төсек-орнын жинап, жуынып, жаттығу жасайды. Таңғы астан кейін күн тәртібіндегі іс-шараларға көшеді. Іс-шаралар интеллектуалдық, шығармашылық және спорттық бағытта дайындалған. Әр бала уақытын тиімді пайдаланады. Жалпы балалар үш топқа бөлінеді. Топ мүшелері жеребе тастаумен анықталады. Әр топпен бір бірден қосымша білім беру педагогы жұмыс істейді.
АЙДАНА МЫРЗАХАН,ПЕДАГОГ: «Бұл лагердің негізгі басты ерекшелігі азаннан кешке дейін балалардың уақытын тек қана қызықты көңілді өткізу ғана емес, балалардың уақытын пайдалы да өткізу. Күнделікті бізде танымдық сабақтар өтеді. Интеллектуалдық ойындар өтеді. Түрлі жарыстар, шығармашылық байқаулар өтеді. Балалардың неғұрлым жан-жақты дамуына барынша жағдай жасаймыз. Жаңа орта қалыптасады бұл жерде. Жаңа достар табады. Уақыттарын пайдалы әрі көңілді өткіземіз».
Лагерь жыл бойы жұмыс істейді. Жаз мезгілінде мамандар арнайы жобалар мен ойын-сауық бағдарламаларын қолданса, оқу жылы басталғанда оған мектеп бағдарламасы қосылады.
«Бұл лагерде 5 мезгіл тамақ беріледі. Таңғы ас, түскі ас, бесін ас, кешкі ас жәгне де түргі ас дейді».
Сауықтыру орталығында балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Ас мәзірі де соған қарай әзірленген. Арнайы мамандармен бекітілген. Бас аспаздың сөзінше, ас баланың жас шамасына қарай дайындалады.
ГҮЛБАХРАМ СӘДЕНОВА, БАС АСПАЗ: «Таңғы асқа ботқа беріледі. Әр күні әртүрлі. Бір күні жұмыртқа, бір күні маймен. Тосаппен. Ірімшік беріледі. Түскі асқа біріншіге, сорпа, дәл бүгін қолдан кеспе жасап беріп жатырмын. Екіншіге қою тамақ. Катлет пюремен. Болмаса макаронмен. Әртүрлі гарнирмен. Бесінге бөлке нан, әртүрлі бәліштер беріледі. Ал кешкі асқа қою тамақ беріледі. Сағат 19:00-де тойымды қою тамақ беріледі. Ал түнде айран мен крекер печениесі. Әркүні іртүрлі болады. Барлығы балғын. Күндегісін күнде алып келіп тұрады. Тұрып қалып, не бүгінгі тамақтан қалып кеткені болып ертеңге қоса салу деген жоқ. Күнделікті граммен өлшеніп тұрып, салынады. Және солай беріледі Одан кейін балғын жемістер. Күндегісін күнде алып келеді».
Лагерьде арнайы медициналық пункт жұмыс істейді. Егу бөлмесі де бар. Таза әрі жайлы төсек-орын, заманауи жарықтандыру жүйесі, әр бөлмеде жеке санитарлық бөлмелер орналасқан. Сондай-ақ кітап оқуға арналған жайлы демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Әрбір балаға ноутбук пен планшет ұсынылған. Кітап демекші, кітапсүйер оқушылар үшін арнайы кітапхана жұмыс істейді.Кітапхананың кітап қоры 1200-ден асады. Қорда көркем әдебиеттен бастап, танымдық және саяси бағыттағы кітаптар да бар. Ал балалардың қауіпсіздігі ерекше назарда.
ЭЛМИР АҒАБЕКОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ИНЖИНЕРІ: «Бұл жердің қауіпсіздігіне келетін болсақ, лагердің аумағы толықтай қоршалған. Өзіміздің күзетіміз бар. Күзетіміз аптасына 24 сағат күндіз-түні істейді. Аймақ толықтай бейнебақылау камераларымен қамтылған. Бұл жерде ішке бөтен машина кіргізбейді. Тіпті келіп жатқан ата-аналардың өзі кірмейді бұл жаққа».
Орталық әкімшілігі балалардың қауіпсіздігі толық сақталған деп сендіреді. Олардың қайда, не істеп жүргенін тәрбиешілерден бөлек, бейнебақылау камералары арқылы да бақыланады. Лагердің аумағынан сыртқа шығу да мүмкін емес. Алда-жалда төтенше оқиға болған күннің өзінде, тікелей полицияға хабарлайтын басқару тетігі бар.
ЭЛМИР АҒАБЕКОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ИНЖИНЕРІ: «Өрт сөндіргіш құралдарымыз бар. 1-2 этажда гидранттарымыз бар. Ғимараттардың екеуіне арналған сыртқы гидранттарымыз да бар. Оның бәрін біз төтенше жағдайлар мекемелеріне хабарласып, оларды шақырып, тексертіп, актілерін де алып отырмыз».
Лагер жыл бойы жұмыс істейді. Айына 60 баланы қабылдай алады. Бір айналымда 30 бала келіп, 12 күн демалады. Арада 2 күн лагер аумағында тазалық жұмысы істеледі. Содан кейін барып екінді айналымдағы балалар қабылданады. Жалпы 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Лагер аумағы үлкен болған соң жұмысшылардың 20-сы көгалдандырумен айналысады.
МҰРАТ РҮСТЕМ, ЛАГЕР ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Жалпылама айтатын болсақ, біріншіден жатын орынмен барлығы қамтамасыз етілген. Жуыну орындары. Асхана, 5 мезгіл тамақ, екі аптаның ішінде балалар 2 рет суға түсе алады. Бассейн жүйесі бар. Материалдық базамен нығайтылған. 30 балаға 30 ноудбук. 30 планшет қарастырылған. Сосын бізде шахмат, тоғызқұмалақ деген дүниелер бар. Олармен бос уақытында айналысады. Оған бөлме қарастырылған. Теннист столдарымыз бар. Кішігірім спорт бар, солармен бос уақытта айналысады. Теледидарлар бар. Бос уақыттарында қосып береміз. Кино көреді. Бір ерекшелігіміз, балалар келгенде телефондарын жинап аламыз. Кеткенге дейін. Ата-аналарымен өзіміз байланысамыз».
Заманауи жағдай, қауіпсіз орта, сапалы білім, мазмұнды демалыс. Мұның бәрі балалардың уақытын қызықты өткізу үшін ғана емес, олардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа белестерге ұмтылуына мүмкіндік беру үшін жасалған. Бұл жерде әр бала өз қабілетін шыңдап, жаңа достар тауып, кітаппен сырласып, өзіне деген сенімін арттырады. Сөйткен балалардың көңіл-күйі , пікірі қандай?
Бір кездері бұл ғимаратта елдің саяси өміріне қатысты маңызды кездесулер өтетін. Ал бүгінде дәл осы қабырғалар білімге құштар балалардың арманына, ізденісіне және шығармашылығына қызмет етіп тұр. Мемлекет басшысы жұмыс сапарлары кезінде пайдаланған резиденция енді жас ұрпақтың демалып қана қоймай, білімін шыңдайтын орталығына айналды. Өйткені кез келген мемлекеттің басты байлығы – сәулетті ғимараттар емес, саналы ұрпақ. Ал сол ұрпақтың дамуына жасалған әр мүмкіндік – елдің ертеңіне салынған инвестиция.
Айта кетейік, 2025 жылы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тамыз конференциясында бұрынғы президент резиденциясын дарынды балалар мен олимпиада жеңімпаздарына арналған жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру лагеріне айналдыру туралы шешімді жариялаған болатын. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Дилара Иса






