Түркістан облысы мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша елімізде көш бастап тұр. Өңірге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сайрам ауданындағы ірі ет өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті. Жылына 40 мың тоннаға дейін өнім өндіретін кешеннің мүмкіндігі қандай? Ет экспорты қалай артып жатыр?
Түркістан облысына ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров іссапармен келді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сайрам ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Манкент ауылындағы «KAZ ECO MEAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатында болды. Кәсіпорын ұжымымен қоса шаруалармен кездесіп, ет өндірісі, мал шаруашылығын дамыту, экспорт әлеуетін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кәсіпорын жылына 30-40 мың тонна ет өндіреді. Ет комбинаты ғимаратының құрылысы өткен жылы аяқталған. Жалпы нысанның аумағы 460 гектар. Мұнда жылқы, ірі қара және уақ мал етін терең өңдейді. Онда бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта экспорт көлемі қарқынды дамып келеді. Өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа жеткізілсе, қалғаны сыртқы нарыққа бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда Түркістан облысы мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша көш бастап тұр. Облыста мал бордақылау алаңдары мен заманауи ет комбинаттарының саны артқан. Өндіріс алаңдары заманауи технологиялармен жабдықталған.
Дилара Иса






