Шымкентте кәсіпкер мен инвесторға негізсіз хабарлама жіберген салықшылар жазаланды. Қалалық прокуратураның дерегінше, прокурорлық қадағалау кезінде кәсіпкерге 466 миллион теңге төлеу туралы хабарлама келген. Бұл төлем заң бұзушылықтарды жою үшін деп түсіндірген. Зерделей келе қарыз көлемі 466 миллион теңге емес, 28 миллион теңге болып шыққан. Сөйтіп салықшылар өздерінің заңсыз әрекетімен кәсіпкердің құқығын бұзған.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз хабарлама күшін жойды. Кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 216 250 теңге айыппұл салынды»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ
Бұдан бөлек, прокурорлар кәсіпорынның банк шоттарына қойылған шектеуді уақытылы алып тастамау арқылы инвестордың құқықтарын бұзған тағы бір салық органының қызметкерін әкімшілік жауапқа тартты. Айта кетейік, прокуратура кәсіпкерлер мен инвесторларға заңсыз әкімшілік қысым көрсету фактілерінің жолын кесіп, олардың құқығын қорғайды. Мұны бас прокуратураға қарасты инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті үйлестіреді.
Дилара Иса






