Бәйдібектің бұрынғы әкімі жемқор емес екен. Бұл туралы қаржы полицейлері мәлімдеді.
Естеріңізге сала өтейік, таяуда Бәйдібек ауданының әкімі Әбдімүтәліп Көбеев кәсіпкерге жер бөліп беру үшін пара алды деп айыпталып, артынша мәселенің жалғасы сиырқұйымшақталып кетіп еді.
Сөйтсек, аталған ауданның экс-әкімі жер алып беру мәселесін жалғыз өзі шеше алмайды екен. Тергеу барысын зерделей келе мамандар оны қылмыстық кодекстің алаяқтық бабымен жазалауды шешіпті.
Әнел Мәтиева, ОҚО қаржы полициясының баспасөз хатшысы: «Алғашында, Көбеевке ҚК-дің 311-бабы, «Пара алу» бойынша айып тағылған болатын. Яғни, шенеунік кәсіпкерге жер бөліп беремін деп 1 миллион теңге пара дәметкен делінген еді. Алайда тергеу қорытындысы оның бұл мәселені шешуге құзыреті жетпейтінін анықтады. Яғни, бұл алаяқтыққа апаратын қылмыстың түрі болып табылады. Сондықтан іс қазір сот қарауына өткен».