Ленгір қаласындағы тозығы жеткен магистралды су құбырын жаңалау келер жылы аяқталатын болды. Бұл туралы жыл басынан атқарған жұмысын қорытындылаған Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков мәлімдеді.
Бұл құрылыстың жобалық сметалық құжаттамасы сонау 2006 жылы әзірленген болатын. Содан бері бірнеше рет түзетілген жоба келер жылы да аяқталмауы мүмкін. Ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттерден Қаратөбе және Тасарық ауылдық округтеріндегі елдімекедерге арналған суаққысының, Ленгір қаласындағы ауыз су құбырының және Көксәйек ауылындағы су өткізгішінің құрылысына 3 миллиард 134 миллион теңге қаралған. Алайда, бұл нысандарды қолданысқа беру тағы да келер жылға қалды. Бірақ, аудан әкімі қала іргесіндегі елдімекендерді сумен қамту бойынша мердігермен келісім жасапты.
Әуелхан Тұрғымбеков, Төлеби ауданының әкімі: » Ленгір қаласының жанындағы Достық та су жоқ, Сұлтан Рабатта да су жоқ. Бұл тізімге Таскешуде тағы қосыңыз. Осы ауылдарды ауыз сумен қамтуды «Тәуелсіздік» күніне орайластырдық».
Жаңа су жүйесінің жобалық сметалық құжаттамасы 2006 жылы әзірленгенін ескерсек, бұл өңірдегі сақалы ағарған құрылыстардың бірі. Әзірге ленгірліктер кеңес дәуірінен қалған тозығы жеткен жүйеден су ішіп келеді. Оған қоса, жүйені жаңалау жұмыстары басталғалы, тұрғындардың көкейінде қуаныштан қауіп көбірек.
Бибігүл Есқараева, Ленгір қаласының тұрғыны: » Барлық жер қазылып бітті. Шұңқырға абайсыздан түсіп кетеді ме деп, баларымызды далаға шығарудан қалдық. Екі апта болды туған дарымыздың үйін паналап жүргенімізге. Ыңғайсыздық мезі қылып бітті».
Ленгір қаласындағы ауыз су құбырының құрылысы сөйтіп, келер жылға қалды. Осыдан жеті жыл бұрын бекітілген жоба осыған дейін бірнеше рет өзгертілді. Жоба жасалғалы құрылыс заттары қымбаттады. Жаңадан ауылдар пайда болды. Енді оған тағы да түзету енгізілуі екіталай.