Шатырын жел ұшырып кеткен «Жыланбұзған» мектебінің оқушылары көрші ауылға қатынап оқып жатыр

548

Шатырын жел ұшырып кеткен «Жыланбұзған» мектебіндегі құрылыстың бір бөлігі осы аптада аяқталса, оқушылар келесі аптадан бастап сабақтарын өз сынып бөлмелерінде жалғастырады. Әзірше 440 бала көрші «Сұлтан Рабат» мектебінде дәріс алуда.

Көрші ауылдағы мектептен қайтқан «Жыланбұзған» ауылының балаларын автобус тасымалдайды. Бұл қолайсыздықтар уақытша. Сонда да оқушылар өз білім ошағына оралуға асық.

Жыланбұзған мектебінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жел ұшырып кеткен шатырдың орнына жаңадан жабынқыш орнатылады. Мектепті салған «РСУ-1» серіктестігі берген кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен шатырды жөндеуге өзге компания тартылған.
Бердібек Сабырбек, прораб:»Ақпанның 11-не бастадық, 1400 шаршы метрде толығымен демонтаж жасап қайта қаптап шығамыз. Әзірге өз қаржымызға жасап жатырмыз. Одан бөлек, үшінші қабатта жұмыстар бар соны қосқанда, құны  35 млн. теңгенің жобалық-сметалық құжат  жасалуда».

Ақпанның 9-да болған қатты желдің салдарынан мектептің шатыры ұшып, ауладағы нысандар, қоршаулар мен жоғары кернеулі электр бағаналарына дейін құлатқан болатын. Мектептің тек шатырын ғана емес, сынып бөлмелерін де жөндеуге тура келеді. Шатырсыз қалған ғимараттың 3-ші қббаттағы сынып бөлмелеріне жаңбыр суы өтіп кетіпті.
«Аққан су қуыстарға толып, енді соны тесіп суды шығарады. Кебу керек. Біз құрылысшылармен келісіп үшінші қабаттағы әрлеу жұмыстарын көктемгі демалысқа қалдырып отырмыз. Шатыр бітсе, сабақты келесі аптада өз мектебімізде жалғастырамыз»,-дейді Төлеби ауданындағы  «Жыланбұзған» мектебінің директоры  Күлзира Алтаева.

Қазір электр бағаналары қалпына келтіріліп, білім ордасы электр энергиясына қосылған. Әзірге «Жыланбұзған» орта мектебінің оқушылары көрші «Сұлтан Рабаттағы» білім ошағында екінші аусымда білім алып жүр.

Шынар Оразова