Леңгір қаласындағы кәріз жүйелеріне қатысты мәселе шешімін таппай тұр…

715

Леңгір қаласындағы 1-ші шағынауданындағы 4 үйдің тұрғындары жергілікті билікке наразы. Солардың бірі Валентина Канапова көрші орналасқан кәріз жүйесінің қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына зардабын айтады.

Ленгір қаласындағы 1-ші ш/а №3 кәріз тазалау ғимараты
Валентина Канапова,Ленгірдегі 1-ші шағынауданның тұрғыны

Валентина Канапова, Леңгір қаласының тұрғыны: «Осында 1979 жылдан бері тұрамын. 1995 жылы кәріз тазалау ғимаратындағы құрал жабдықтардың бәрі қолды болды. Шайынды сулар жиналатын фильтрлеу алаңдары бүгінде ашық. Тұрғындардың арыздарынан кейін мұнда олардың қатары толықты. Мен көп жылдар бойы фосфор зауытының зертханасында жұмыс істедім. Мұндай жерлерде фильтрлеу алаңдары бетондалып, үсті жабық болуы тиіс. Және жағымсыз иіс болмау үшін арнайы дәрілермен тазартып тұру қажет. Арызданбаған жеріміз қалмады».

Қала әкімі мәселеге қанық, алайда кәріз жүйесіне қатысты күрделілікті толық шешуге қауқарсыз. 1-ші шағынауданда 8 жаңа көпқабатты үй салынғаннан кейін кәріз жүйелері басты проблемаға айналғанын мойындайды. Инфроқұрылым талапқа сай жасалмаса, болашақта бой көтеретін он үйдің тұрғындарының тұрмысын қамту қиынға соғады.

 

Леңгір қаласының әкімі атқарылған жұмыстар жайлы әңгімелеуде

Болат Әділбеков, Леңгір қаласының әкімі: «Ия тұрғындар арызданған. 1 – шағынауданда бірнеше рет  жиналыстар да  өткізгенбіз. Прокуратура, экология, тиісті мекемелерден жауаптыларды шақыртып, шайынды судың сынамасын алып тексерткенбіз. Кәріз тазалау ғимаратының қуаты жайлы  мәселені  жоғары деңгейде көтердік. Төлеби ауданы әкімдігі шешіп жатыр. Соңғы екі жылда қаржы бөлініп, 12 шұңқыр қазылды. Қоршауы жасалып, қазір нысан қорғалады. Бөтен адам кіре алмайды. Тыйым салынған».

Жаңа баспанадағы шайынды су мәселесі бойынша аудан әкімдігімен жұмыс атқарылған. Оны №3-ші кәріз тазалау ғимаратының жұмысына жауапты Леңгір су мекемесінің өкілі растап отыр.

Мұрат Білеров, Леңгір су мекемесінің өкілі

Мұрат Білеров, «Леңгір су» мекемесінің өкілі: «№3-ші кәріз тазалау 2017 жылға дейін мұнда үш фильтрациялық алаңы болатын. Бюджеттен 23 млн. теңге бөлініп 12 шұңқыр қазылды. 2018 жылы 21 млн. теңгеге  аумақ  қоршалып, жарықтаныдырылды, жол төселді, күзетшінің  ғимараты соғылды».

Маман шағынаудан болашағына алаңдайды. Алдағы жылдары  тағы он көпқабатты үй бой көтерсе, онда №3-ші кәріз жүйесінің қуаты қауқарсыз қалатынын жасырмайды. Сондықтан да Төлеби ауданы әкімдігі нысанның қайта құру жұмыстарына кіріскен.

Төлеби ауданы құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісінің мәлімдеуінше қазір №3-ші кәріз тазалау ғимаратын  қайта құру жөнінде жобалық сметалық құжат әзірленуде.

Тазаланған шайынды суды кәріз орналасқан 7 мың текше метрді құрайтын екі фильтрлік алаңға жинақтап, шыққан су егістік алаңдарына жіберу жоспарлануда. Әзірге №3-ші кәріз тазалау ғимараты 23 үйден, емхана мен коммерциялық нысандардан аққан тәулігіне 2 мыңнан астам текше метр шайынды суды тазартады.

Шынар Оразова