Шымкент қалалық 65/06 әскери бөлімінде борышын өтеген 400-ден аса сарбаз енді үйлеріне оралады. Міндетін абыроймен атқарған сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті.
Отан алдындағы борышын Шымкенттегі 65-06 әскери бөлімінде өтегендердің бірі — Нұржан Құрбанбаев. Алматы қаласынан әскерге келген Нұржан енді санаулы күндерде өз отбасыма ораламын деп қуанады. Әрбір сәтті тағатсыздана күтіп жүрген сарбаз ел қорғау — ердің міндеті деп санайды.
Нұржан Құрбанбаев, 65/06 әскери бөлімінің сарбазы: Бір жыл көзді ашып-жұмғанша, тез өтіп кетті. Үйге қайтатыныма аздап сенбей тұрмын. Әскери борышымды өтегеніме өкінбеймін. Қайта бұл менің армандарымның бірі болатын. Ер-азамат болған соң Отанды қорғау — парызымыз ғой.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=zfJym9LDgH4[/youtube]
Бір жыл бойына Отан қорғап, шыныққан, қарудың қыр-сырын ұғынған сарбаздардың жүзден — жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандары арнайы марапатқа ие болды. Түрлі дәрежедегі сайыстарда өнер көрсетіп, еңбегі жанғандарға мақтау қағаздарымен қатар әскери шен де табысталды. Бір қуанарлығы, бұл жылғы сарбаздар шетінен өнерлі әрі дарынды дейді әскерилер. Сондықтан оларға жыл бойына ешқандай сөгіс берілмепті.
Бекасыл Журынбаев, 65/06 әскери бөлімінің орталық басшысы: «Бұл 2012 жылғы әскери шақырылымдағы сарбаздар арасында ешқандай құқықбұзушылық немесе әскери тәртіпке бағынбау сияқты жағдайлар орын алған жоқ. Қолбасшы ретінде осыған разы болып отырмыз.»