Úı ANONS Сарбаздар әскери авиацияның жұмысымен танысты

Сарбаздар әскери авиацияның жұмысымен танысты

Шымкентте мерзімді қызмет сарбаздары әскери авиацияның жұмысымен танысты.  Мақсат — кәсіби бағдар беру, әскери қызметшілердің ой-өрісін кеңейтіп, ұшқыш мамандығына қызығушылығын арттыру, сондай-ақ келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруға және әскери оқу орындарына түсуге ынталандыру. Экскурсия барысында сарбаздарға заманауи әскери техника таныстырылды.

Сарбаздар әскери ұшқыштардың жұмысымен тікелей танысып, мамандықтың қыр-сырын білді. Сонымен қатар, әуе авиабазасындағы техникаларды көруге мүмкіндік алды. Мәселен, Су-30СМ жойғыштары, Су-25 шабуылдаушы ұшақтары және Ми-171Ш мен Ми-35 тікұшақтарын көзбен көріп, ұшу барысын тамашалады.

Экскурсияның ең қызықты бөлігі – Су-25 ұшағына арналған заманауи тренажер болды. 360 градус көрініс беретін бұл жүйе ұшуды басқару, түрлі жағдайда қону және төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын пысықтауға мүмкіндік береді. Мамандар бұл техникалардың үнемі жауынгерлік дайындықта тұратынын атап өтті. Сонымен қатар, авиабаза жеке құрамының тәулік бойы кезекшілік атқарып, кез келген уақытта тапсырма орындауға әзір екені айтылды. Ұшқыштар бұл кәсіптің жоғары жауапкершілікті, үздіксіз дайындықты және мықты психологиялық төзімділікті талап ететінін сарбаздарға түсіндіріп берді.

 

Айта кету керек, мұндай іс-шаралар сарбаздардың кәсіби бағытын айқындауға ықпал етеді. Экскурсиядан кейін кейбір қатысушылар болашақта өмірін авиациямен байланыстырып, әскери оқу орындарына түсуге ниет білдіруі мүмкін дейді әскери қызметшілер.

Нұргүл Жолымбетова