Отбасы баспанасыз қалды (видео)

745

Қысқы жауын баспанасыз қалдырды. Көксай-2 көшесіндегі ескі үйде тұрған көпбалалы отбасы баспанасыз қалды. Жексенбі күні дамылсыз жауған жаңбырдың салдарынан үйдің қабырғалары құлап түскен. Ал төтенше жағдай басқармасының мамандары бұл төтенше жағдайға жатпайды, сондықтан қаржылай жәрдем көрсетілмейді деп шешкен.

Қазір бұзылған үйдің балалары ескі сарайды паналауға мәжбүр. Онда не жарық, не жылу жоқ. Көпбалалы жанұяның бір жетіден бері көрген күні осы. Киім-кешегі су астында қалғандықтан, балалары мектепке де бара алмай отыр. Құлаған үйді көруге арнайы комисия құрылды. Алайда жәрдем беруге ешкім асығар емес. Әр мекеменің айтары бар. Төтенше жағдай басқармасы апат болған жерде адам шығыны болмаған десе, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тиісті 17 түрлі жәрдемнің біріне де бұл жанұяның іліге алмайтындығын алға тартады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=3nMAPmufxpA[/youtube]

Еңбекші ауданының әкімдігі жанұяның отағасын жұмысқа орналастырып, 30 мың тенге ақшалай және қыстық отын беруге уәде берді. Бір реттік қысқы отынды отбасы өз уақытында алып та қойған екен.

Қазір Көксай-2 көшесінде әлі де су астында қалу қауіпі бар сай ішінде орналасқан 10 үй бар. Жауын-шашыннан жиналған су бұрын теміржолға қарасты кәріз жүйесіне құйылып келген. Ал бүгінде құбыр іші қоқысқа толып, судың барар жері қалмапты. Әкімдіктегілер бұл үйлерге көмек берер мүмкіндік жоқ дейді. Ол дегеніміз — жауын-шашын көбейген сайын су астында қалатындардың қатары әлі де болса көбеюі мүмкін.