Жер берілмейді! Бірақ, саудасы қызып тұр

Жер телімін алу кезегінде 64 243 азамат тұр.

«Жер» десе, қазір елеңдемейтін жан жоқ шығар. Себебі, жер дауының түрі көбейіп кетті бүгінде. Бірі мемлекет мұқтаждығы үшін тұрып жатқан жерін қайтаруы тиіс. Енді бірінің игерілмеген жерінен айырылып қалу қаупі бар. Кейбіреулер осылайша бар жерін игере алмай отырғанда, ендігілерге ұлан ғайыр алқаптан ұлтарақтай жер бұйырмай тұр. Жығылғанға – жұдырық болғандай, Шымкент қаласында кезектегілерге жер телімін үлестіру тоқтатылған.

Жер телімін алу кезегінде 64 243 азамат тұр.
Жер телімін алу кезегінде
64 243 азамат тұр.

Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында кезекте тұрған азаматтарға жер телімі Шымкентте соңғы рет 2008 жылдың ақпан айында берілген. Бүгінде Шымкент қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алуға 64 243 азамат өтініш білдіріп, кезекке қойылды. Демек, осыншама азамат қазір өздеріне тиесілі мүлікке қол жеткізетін уақытты күтіп отыр деген сөз. Кезекті жылжытып, жер телімдерін үлестіру шараларының қашан жалғасатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Сала мамандары да бұл туралы жақ ашпай отыр.

Тұрғын үй салу үшін мұқтаж азаматтарға жер телімі Шымкентте соңғы рет 2008 жылдың ақпан айында берілген.

Жалпы, жер телімін бе­ру­дің құзырлы органдар бекіт­кен­ өзіндік тәртібі, заңдық нормалары бар. Телімдерді бөлу тәртібі тек Үкі­ме­т-тің 2006 жылғы 1 тамыздағы №726 қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі. Адамның қолайлы өмір­ сү­руі­не лайықталмаған, яғ­ни­ жо­лы­,­ суы жоқ, жарығы тар­тыл­ма­ған өңірден жеке тұрғын үй құры­лы­сын­ тұр­ғы­зуға жер бөлу заң шең­бе­рі­не сыймайды. Ереже бой­ын­ша,­ азаматтарға берілетін жер­ те­лім­дері тиісті және қажетті ин­же­нер­лік инфрақұрылымдармен қам­тамасыз етілуі тиіс. Демек, қазір Шымкент қаласында бөліп беруге арналған алаңдар дайын емес. Десек те өтініш жазған азаматтар арнаулы есепке алынып, жер комиссиясының қорытындысы негізінде кезекке қойылады. Мемлекеттен жер телімдерінің үлестірілмей отырғаны жер нарығындағы жағдайды бұрынғыдан да ушықтырып отырған сыңайлы. Бүгінде жер алып-сатушылардың саудасы қыз-қыз қайнап жатыр. Шымкентте жерді тіпті, гектарлап сататындар бой көрсетіп қалатыны да жасырын емес. Ал кейбір алаяқтардың ісі сотта қаралуда. Сондай түйткілді жерлердің бірі – «Нұрсәт» шағынауданында жаңа тұрғын үй алқабы мен әкімшілік орталық ғимараты бой көтеруі тиіс алаң. Айта кетейік, былтырғы жылы 364 гектар жер теліміне жаңа тұрғын үй алқабы мен әкімшілік орталық салу жобасы жасалған. Жоспарға сәйкес 1300 жер телімі көзделген. Дегенмен, діттелген жерлердің көп бөлігінде тұрғын үйлер бой көтерген. Қазір 279 гектар жерде жұмыстар атқарылып жатыр. Сала мамандары қазір мемлекет мұқтаждығы үшін қалған жер телімдерін қайтару жұмыстарымен айналысып жатыр. Дегенмен, жер иелері мүліктерін қайтарып беруге келгенде құзырлы орындардың талабына көндігер емес. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне барған болатынбыз.

Түйін: 

Жер телімдерінің мемлекет мұқтаждығына алынуын реттейтін қаулы былтыр шілде айында шықты. Қаулыға сәйкес жер иелеріне мүліктің мемлекет қажеттілігі үшін алынатыны туралы хабарланды. Ал құлағдандырудан кейін құрылыс жүргізген жер иесінің әрекеті заңсыз болып табылады. Яғни, жер телімі мемлекетке қайтарылған жағдайда құрылыс шығыны өтелмейді. Ондай жағдайда, мүлік иесі тек жер телімінің құнын місе тұтуына тура келеді.

Мақпал РЫСБАЕВА

Жер телімін аламын десеңіз…

Жер телімін сатып алған жағдайда сатушының төмендегідей құжаттары болуы тиіс:

– Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт;

– Жергілікті әкімшіліктің «жеке меншік тұрғын үй салуына байланысты;

– «жер телімін беру туралы» өкімі;

– Егер болса аудандық сәулет және қала құрылыс бөлімінің жеке тұрғын үйдің жобасы, болмаған жағдайда үй жобасын өз қалауыңызша дайындату, өз құзырыңызда болады;

– Сатушының жеке төлқұжаты;

– әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік (СИК);

– Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН);

Сатып алушының төмендегідей құжаттары болуы тиіс:

– Сатып алушының жеке төлқұжаты

– әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік (СИК);

– Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН);

Жоғарыда аталған құжаттар негізінде нотариус кеңсесінде сатып алу сату шартын жасасасыз, егер некеде болсаңыз жұбайыңыздың келісімі қажет.

Әрі қарай Халыққа қызмет көрсету орталығына (ЦОН) барып құжаттарды тіркеуге тапсырасыз. Оған қажетті құжаттар:

– жеке төлқұжатыңыз (түпнұсқасы мен көшірмесі);

– әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік (СИК) (түпнұсқасы мен көшірмесі);

– Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) (түпнұсқасы мен көшірмесі);

– «жер телімін беру туралы» өкімі (түпнұсқасы);

– Сатып алу сату шарты (түпнұсқасы мен көшірмесі);

 

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов
Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Ербол Ахметов

Ербол АХМЕТОВ, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы:

– Бүгінгі таңда 364 гектардың 115-і қайта-рылды. Оның ішінде 19 гектар жер бұрыннан мемлекет меншігінде болған. Ал 16 гектар жер жол құрылысына қарастырылған. 34 гектар жерге инвесторлар құрылыс жүргізеді деп күтілуде. Әзірге, «Мирас», «Қайтпас-1» шағынаудандары мен Майтөбе, Шұғыла, Шұғыла-1 көшелерінде ешқандай жұмыстар жасалып жатқан жоқ. «Мирас» шағынауданында жер телімдері мемлекеттік мұқтаждыққа алынбайды. Сондықтан, жер иелері ол жерге құрылыс бастай алады. Шұғыла, Шұғыла-2 көшелерінде де жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Әзірге, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әлі дайын емес. Бұл жер теліміне Мирас шағынауданы да кірмейді. Жекеменшік иелерімен келісім жүргізіліп, екі жақ мәмілеге келмейінше, жер телімдері алынбайды. Қазір кейбір тұрғындар біз ұсынған бағалаулармен келіспей отыр. Сондықтан, бұл іс сот арқылы шешілуде. Қараша айында мүліктерді бағалау үшін тәуелсіз бағалаушылар арасында тендер өтті. «Тимцентр» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Мүліктерді бағалау жұмыстарымен қазір осы серіктестік айналысып жатыр. Бағалаушылар бізге бағалар ұсыныстарын алып келеді. Біз оларды жер иелеріне ұсынамыз. Көрсетілген сомаға келіссе, біз тиісті қаражатын аударып береміз. Келіспеген жағдайда істі сот қарайды. Тәуелсіз бағалаушылардың қызметі де мемлекет тарапынан төленеді. Биылғы жылы бұл мақсатқа 4 млн теңге қарастырылған.