Оңтүстіктің көкпаршылары тағы бір белесті бағындыруды жоспарлап отыр. Қазақстан чемпионатына дейін санаулы ғана күндер қалды. Сол себепті шабандоздарымыз күнде атшабарда жаттығуда. Сәйгүліктер қатары да жаңарыпты. Титаник лақап аты бар мына тұлпардың жасы небары үште. Ал бойының биіктігі мен салмағы жағынан польшалық пырақ жергілікті сәйгүліктерден әлдеқайда мықты. Титаникті әйгілі палуан Ермек Байдуашев ерттеп алыпты.
Команда құрамы да жаңа спорттшылармен толыққан. Абылайхан Нышанбаев ересектер командасына биыл ғана қосылды. Ағаларымен бір құрамада сынға түсу Абылайхан оңай болмасы анық. Дегенмен жас жігіт ел чемпионатынан салым салмай қайтпаймын деп отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HVSf72xnYGo[/youtube]
Абылайхан Нышанбаев, шабандоз: «Дайындығым жақсы. Мен биыл ғана ересектер арасына қосылып отырмын. Ағаларыма сенім артамын. Олар қолдарынан келгенше кеңесін аямауда. Ел чемпионаты өз алаңымызда өтейін деп жатыр. Намысты қолдан бермей, жеңіске жетеміз деп сенемін.»
Киелі Түркістандағы ел чемпионатында бес салмақ дәрежесінде аударыспақтан да сайыс өтеді. Оған да Оңтүстік палуандары сақадай сай тұр. 90 келілер арасында облыс намысын Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Сырым Ізбасаров қорғайтын болады.
Қазақстан чемпионатының Оңтүстікте өтуінің де себебі бар. Өйткені облысымыздың шабандоздары талай жылдар бойы жүлделі орыннан түскен емес. Биыл да қоржынға алтын медаль салынады деген үміт бар.
Түркістанда өтетін бұл чемпионат алдағы Азия чемпионатына іріктеу деуге де болады. Сонда тақымына олжа басқан шабандоздардың арасынан ұлттық құрама жасақталады. Естеріңізде болса, өткен жылы ел құрамасында Оңтүстіктің төрт спортшысы құрлық аралық чемпионатта көкпар тартып, алтыннан алқа таққан болатын.