– Оңалбай Аяшұлы, Сіз басқарып отырған оқу ордасы 12 қабатты жатақхана салады деген ақпарат айдай әлемге тарап үлгерді. Қызыққан да қызғанған да бар. Дегенмен бұл идея неден туындап отыр? Студенттеріңізге жатақхана жетіспей жатыр дейін десек, білетініміздей институтқа тиесілі екі жатақхана бар…
– Дұрыс айтасыз, әзірге студенттеріміз жатақханадан таршылық көріп отырған жоқ. 450, 260 орынды екі жатақханамыз бар. Бірақ, алғы күнімізді жоспарлай білу керек қой. Болашақтың іргетасын бүгіннен қалау қажет. Құдай қаласа 5 жылдан соң Оңтүстіктің халқы 5 миллион болатынына сенемін. Қазірдің өзінде Алла тіл-көзден сақтасын, өсім жоғары. Ал өзіңіз білесіз, біздің қазақтың өзге ұлттан артықшылығы, ерекшілігі баласын міндетті түрде оқытады. Қарызданса да қауғаланса да алдымен «балам оқысын» дейтін қазақпыз. Сондықтан салып жатқан 12 қабатты «Студенттер үйі» жастардың болашағы үшін керек. Аты айтып тұрғандай мұнда студенттер үшін барлық жағдай жасалады. Ғимаратың ішінде студенттердің жатын бөлмелерінен бөлек, студенттер асханасы, кинотеатр, кішігірім 23 кітапхана болады. Кір жуатын, үтіктеп беретін қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейтін болады. Жатын бөлмелері екі орындықтан тұрмақ. Студент еш нәрсеге алаңдамай тек сабақ оқуы, білім алуы үшін жағдай жасалмақ. Мұның барлығы жастардың әлеуметтік мәселесін шешуге негізделіп отыр. Білімді жастарды тәрбиелеу үшін алдымен оларға барлық жағдайды жасаған жөн.
– Айтуыңызға қарағанда, әзірге қағаз жүзіндегі жобасына қарап бағалайтын болсақ, 12 қабаттан тұратын «Студенттер үйі» жатақханадан гөрі 3 жұлдызды қонақ үйге ұқсайтындай.
– Дәл солай. Студент үшін ішінде барлық жағдай болады. Бұл өзге өңірлермен салыстырғанда алғаш рет студенттердің жағдайын жасап жатқан өңір ретінде, институт ретінде мақтанышпен айтуға тұрарлық тірлік дер едім. Жастарға жасаған қамқорлық осындай-ақ болсын.
– Мұндай жақсылық үшін студент те аз ақша төлемейтін шығар…
– Қайдағы ақы?! Мұның барлығы тегін болады. Институттың жастарға жасап отырған әлеуметтік қамқорлығы осыдан басталмақ.
– Аз шығын болмасы анық. Дегенмен, бұл институттың бюджетіне әжептеуір салмақ салады ма?
– Институттың «Студенттер үйін» өз деңгейінде ұстап тұруына қауқары толық жетеді. Студенттер үшін жан пида деген осы. Оны студент жастарымыз да жете түсінеді деп ойлаймын.
– Соңғы кезде студенттердің жаппай ағылшын тілін меңгеруіне күш салып жатыр екенсіз. Бұл не үшін керек? Мысалы, қобызшы мен суретшіге ағылшын тілін меңгеру соншалықты қажет пе?
– Қажет болғанда қандай! Мысалы, сіз айтып отырған сол қобызшы мықты талант иесі. Ондай музыкант саусақпен санарлық болса, ол сол өнерін неге әлемдік сахналардан көрсетпеуі керек? Неге қазақтың осындай талантты ұл-қызы Американы мойындатып, бағындырмауы керек? Тас жарардай таланты бар. Тек кедергі келтіретін жәйт-тілді білмеуі. Біздің жастарымыздың әлемдік аренадан көрінетін мүмкіндіктері өте зор. Ол үшін тек ағылшын тілін білсе болғаны. Міне, осы үшін де біз институттағы 15 мамандық бойынша арнайы 15 топ ашып отырмыз. Онда студенттер негізгі сабақтардан бөлек ағылшын тілін де оқиды. Осылайшы, қобызшы да, суретші де, ән-саз, географ, тіпті бастауыш сынып мұғалімі де ағылшын тобында білім алуы міндетті. Біздің мамандар шетелге шығатындай, шетелді мойындататындай болуы керек. Алға қойған мақсатымыз да осы. Осылайша, жаңа оқу жылында, яғни қыркүйек айынан бастап 15 мамандыққа ағылшын тілінде оқитын талапкерлер қабылданады.
– Ағылшынша оқитын жастың табылатыны күмәнсіз. Қазірдің өзінде бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылуда. Ал 15 мамандыққа ағылшынша сабақ беретін ұстаздардың табылуына сенімдісіз бе? Маман тапшылығы туындап жатқан болар?
– Әзірге қинап тұрғаны да осы. Ағылшын тілінің мамандарын жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Іріктеп, байқау арқылы мықты мамандарды таңдап алмақпыз. «Ағылшын тілінің маманы үшін Шымкентте қызмет еткеннен гөрі, Астанада жүргені артық» деп ойлайтындар көп. Бірақ, бұл қиындыққа қарамастан, ағылшынша сабақ беретін ұстаздарға бар жағдайдың жасалатындығын айтып, өз ісінің нағыз мамандарын іздестіріп жатырмыз.
Мұндағы басты мақсат-мүдде біздің институтты бітірген даңқты спортшы, білімді ұстаз, шебер суретші шетелге шығып, көрмесін ұйымдастырып, шетелдік мамандармен терезесін теңестіре алатындай дәрежеге жетуі керек.
– Жақында сіз басқарып отырған институт қабырғасында «Мәңгілік Ел» – Ұрпақтың мәңгілік болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Еліміз бойынша іргелі оқу орындарының басшылары келді. Конференция өткізу бүгінде таңсық болмай қалғаны рас. Әйткенмен де, айтыңызшы, сол игі-шараның бергені қайсы?
– Бұл бір өзгеше іс-шара болды. Мен өзім де таңқалдым. Сәті түсті-ау деймін. Неге десеңіз, барлық баяндамалар мазмұнды да қызықты болды. Былайша айтқанда, ғалымдар өзара мықты ынтымақтастықты білдірді.
ХХІ ғасыр – бәсеке ғасыры, олай болса, ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді қастерлейтін, Қазақстанның тізгінін ұстайтын, өмірдің әртүрлі мәселелерінен хабардар, кез-келген тапсырманы орындауға қабілетті, қолынан іс келетін құзырлы азаматтарды осы бастан тәрбиелегеніміз абзал. Бұл – күрделі үдеріс. Ертеңгі ел болашағы – жасөспірімдердің нағыз адам болып қалыптасуына игілік жасайтын басты тұлға – ұстаз. Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый-құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбие беріп, адамгершіліктің нұрын төгетін жан. Сол жанның білімді де білікті болуы үшін сіз айтқандай ешкімді таңқалдыра алмайтын ғылыми конференциялар ұйымдастыруға тиістіміз. Бұл «өткіздік пе өткіздік» үшін емес, мақсатты түрде жасалған қадам. Ал енді, сол конференция не берді дегенге келетін болсақ, конференция аясында Ұлттық ғылым академиясымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, ОҚО әкімдігі мен «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалымен, облыстағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен, 9 жетекші ЖОО-мен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Біздің іс-шарамызға ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрыновтың арнайы ат басын бұрғанына ерекше ризамыз. Бірқатар Парламент депутаттары келді. Конференцияның арнайы резалюциясы қабылданды. Онда бірталай мәселе айтылды. Мысалы:
– Келешек ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімдерін арттыру және ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу үшін мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына «Ұлттық тәрбие» пәнін міндетті компонент ретінде кем дегенде 2 кредит көлемінде енгізуге ҚР БжҒМ-не ұсыныс БЕРІЛДІ.
– Болашақ педагогтардың тұлғалық сапалары мен кәсіби құзыретін қалыптастыру мақсатында, жаңа ғасыр талабына жауап беретін жоба ретінде «Қазақ елі» пәні жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісіне енгізу ҰСЫНЫЛДЫ.
– Жаңа заман талабына сай пәндерді өзгерту, ескірген немесе сұранысы жоқ ғылыми және білім пәндерінен бас тарта отырып, сұранысы жоғары жаңа пәндерді енгізуге, білім беру стандарттарын өзгертуге сала министрлігіне ұсыныс жасалды.
– Кәсіби біліктілігі жоғары, заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда теорияны тәжірибемен ұштастыру мақсатында жоғары оқу орындарында екінші курстан бастап білім беру мекемелеріндегі міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыдан бекітуге, педагогикалық мамандықтар үшін іс-тәжірибе мерзімін (бөлінетін кредитті) көбейтуге ұсыныс еңгізілді.
– Студенттерде «Мен – Біз – Бәріміз – Мәңгілік Елміз» деген азаматтық көзқарасты, отаншылдық сана-сезімді қалыптастыру және дамыту мақсатында жүйелі тәрбиелік іс-шаралар өткізілетін болады.
– Жоғары оқу орнының біртұтас педагогикалық үдерісіне «Мәңгілік Ел» идеясының енгізілу нәтижелері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялау жандандырылады.
– Қазақ Елі мемлекеттілігінің қалыптасып дамуындағы өзектілігін айқындау үшін ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында дерек көздерін, мұрағаттық құжаттарды, шет елдерінің (Қытай, Ресей, Түркия, Иран, Орталық Азия) кітапхана қорларындағы материалдарды жинақтау, оны ғылыми айналысқа енгізу мақсатын көздейтін ғылыми жобалар іске қосылады.
Студенттерде отаншылдық сезімін қалыптастыру мақсатында институттың Гуманитарлық және әлеуметтік ғылыми мектебі орналасқан оқу ғимаратында «Қазақ Елі – «Мәңгілік Ел» даңқ аллеясы ашылсын» делінді. Бұл ғылыми-тәжірибелік конференция дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілсін деп келістік. Бүгінде біртіндеп осыны жүзеге асыруға жүйелі жұмыс атқарып жатқан жайымыз бар. Заман күрделі. Уақыт тар. Жауапкершілік мол. Біз ізденімпаздықтың генераторы болуымыз керек, оны жақсы түсінеміз де.
– Оңалбай аға, ісіңіз оң нәтиже берсін. Мақсат-мүддеңіз орындала бергей. Сұхбатыңыз үшін рахмет.
Әңгімелескен – Ж.Шалабаева