«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау көрсеткен Оңтүстіктегі кәсіпорындардың бет алысы жаман емес. Зауыттар қарқын алып, өндірген өнімдері экспортталып жатыр. Қордың өңірдегі филиал басшысы баспасөз-турын өткізіп, өздері қаржыландырған жобалардың жұмыс істеу барысымен тілшілерді таныстырды.

Самат Ақылбеков
Самат Ақылбеков

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» қолдаған жобалар саны жағынан Оңтүстік елімізде үшінші орында келеді. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы жүзеге асырылған сәттен бастап 306 жоба қаржыландырылып үлгеріліпті. Ал несиелік қаржы көлемі бойынша республикада бірінші орында келеміз. Өңірдің кәсіпкерлері 75 миллиард теңге несие алыпты.

Сондай-ақ, қор 26 жобаға кепілдік беріп, келісімге қол қойған. Соңғы кезде шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында кентаулық кәсіпкерлерге жасалып отырған жеңілдік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Самат Ақылбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аумақтық директоры: «Екінші деңгейдегі банктер 14 пайызбен несие берсе, «Даму» қоры соның 50 пайызын жабады. Бұл дегеніңіз — кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмек. Әлемде ешқандай елде жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, біздің қолдауымызбен жүзеге асырылған жобалар мен олардың өнімдері импорттық тауарларға бәсекелестік тудыра отырып, ішкі нарықта өз орындарын иемденеді.»

«Даму» қоры мақұлдаған жобалардың барлығы облыс үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Өйткені жүзеге асырылатын жобалар шеңберінде жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салықтың мөлшері де артқан. Бір ғана «Қаз ТермоПласт» ЖШС былтыр 15 миллион теңге салық төлепті. Кәсіпорын жылына 10 тонна полиэтиленнен құбыр шығара алады.

Қанат Досымов, «ҚазТермоПласт» ЖШС-нің меңгерушісі: «Бизнесті бастау ойымызда жоқ еді. Бастапқыда қорықтық та. Қордық қолдауы біз үшін үлкен көмек болды. Әрі қарай өндірісті дамытуға ниеттіміз. Енді еліміздің ішкі нарығына ғана емес, экспорт үшін де жасап шығаруға болатын өнімдерді қолға алып жатырмыз.»

«Шымкент қаласының буын аурулары медициналық орталығы — облыстағы жетекші медициналық мекеме. 2011 жылы қордың қолдауына ие болып, аз уақыт ішінде ревмотологиялық ауруға шалдыққандарға көмек көрсететін орталыққа айналған. Денсаулық сақтау мекемесі 7 миллион теңге көлеміндегі несиені 14 пайыздық үстемемен алған, оның 7 пайызын мемлекет төлейді.

Шоқан Баймұхамедов, орталықтың бас дәрігері: «Маған «Даму» қорының кәсіпкерлік курстары көп көмектесті. Дәрігер болғандықтан, өзімізді ешқашан кәсіпкер деп санамадым. Меншігімдегі ғимаратты клиникаға айналдыруды жоспарлап жүрмін. Осы мақсатта қормен байланысымызды әрі қарай жалғастыруға үміттіміз.»

Жаңа іс ашуға бекінген немесе бұрынғы бизнесін жалғастырамын деген кәсіпкерлерге даму қоры қолдау көрсетуге дайын. Мұндағы мамандар кәсіпкерлерді оқытып, сауатын ашуға, жобасын жасап, бірге жұмыс істеуге бекініп отыр.